Жер мәселесі: Журналист сайт ашуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында журналист Мақсат Толықбай бірыңғай платформа құруды ұсынды.

Осы аптада әлеуметтік желіде (Instagram) 120 мың адамның арасында сауалнама жүргіздім. Халықтың көпшілігі Қазақстан азаматтарына да жерді сатуға қарсылық білдіріп жатыр. Жекеменшікке берген күннің өзінде де, жер әділ бөлінеді, қарапайым шаруалардың қолы жетеді дегенге сенбейді. Сондай-ақ бұл уәж дәл қазіргі жағдайда орынды деп есептеймін. Сол себепті бұл мәселені шешпесек, арты үлкен дауға ұласуы мүмкін, - дейді ол.

Ол жерді жалға беруге қатысты сұраққа да тоқталды.

Шарт бәріне бердей болмауы керек. Ірі-ірі корпорацияларға шартты көбейтейік. Дегенмен енді кәсіп бастағысы келетін шаруаларға жеңілдік жасауымыз керек, - деген пікір білдірді Толықбай.

Одан бөлек журналист қоғамдық бақылау жүргізу үшін ашық платформа құруды ұсынды.

Қазір цифрлы заман дейміз. Сондықтан ашық платформа, сайт болса деген ой бар. Өйткені шаруалар жер алатын кезде бизнес план жасайды. Оны жауапты мамандар ашық платформада бақылап отырса. Бірінші шаруа екіншісінікін көріп, бақылап, қоғамдық бақылау жүргізіп отырғаны дұрыс, - деп айтты ол.
Еске сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігінде Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы