Жер беру рәсімінде жемқорлық тәуекелі басым
Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде мәжіліс өтті.
Оған Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, сондай-ақ Министрлік басшылығы қатысты.
Жиын барысында бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшының жауапкершілігі туралы қараша айындағы түзетулерге түсіндіру және мемлекеттік органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қарастыру мәселесі қаралды.
Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шараларды түсіндіру бойынша жүргізіп жатқан жұмысы аясында іс-шараға қатысушыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшының жауапкершілігі туралы түзетулер жеткізілді.
Олжас Бектенов аталған институттың мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамаға енгізілгенін атап өтті.
Мемлекеттік органдар халыққа қызмет көрсетуде, оның ішінде бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру кезінде ақпараттық ресурстарды жеткілікті деңгейде тиімді пайдаланбайды. Жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жер беру рәсімдерінде бар. Соның салдарынан жыл сайын осы салада жүздеген сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркеледі, - дейді Бектенов.
Асқар Жұмағалиев өз кезегінде министрліктің басшылық құрамын орталық аппаратта және оған ведомстволық бағынысты барлық ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету бойынша шаралар қабылдауға шақырды.
Мәжіліс барысында халыққа қызмет көрсету кезінде мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де айтылды. Осы ретте баяндамашы геопорталдарды жедел енгізудің маңыздылығын, бұл министрліктің басқа да уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен басым міндеті болуы тиіс екенін атап өтті.
Жұмағалиев баяндама барысында Агенттіктің ұстанымын қолдай келе Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың 82%-ы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша жоққа шығарғанын атап өтіп. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мен министрліктердің қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.
О. Бектеновтың айтуынша, қоғамның барлық өмір сүру саласына цифрлық технологияларды енгізу елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің басты факторларының бірі болып табылады.
Ақпараттық технологияларды қолдану олардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда тиімділігін дәлелдейді,-деді ол.