ЖЭО-3 Астанаға үшінші жыл сенімді жылу беріп отыр – фоторепортаж
Бұл жоба нөлден бастап жүзеге асырылды. Бірінші кезек толық аяқталып, тұрақты жұмыс істеп тұр.
Астана жылу қуаты тапшылығын толық жапты. Бұл бағытта табиғи газбен жұмыс істейтін ЖЭО-3 шешуші рөл атқарды. Станса үшінші жыл қатарынан елорданы жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтыну көлемінің өсуіне байланысты резерв қалыптастырып отыр. Келесі кезең – ЖЭО-3-тің екінші кезегін іске қосу, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші кезек аяқталды, станса үшінші жыл жұмыс істеп тұр
Қазіргі уақытта ЖЭО-3 сағатына шамамен 440 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жылу Шыңғыс Айтматов көшесі, Ұлы Дала және Тұран даңғылдары бойындағы перспективалы құрылыс аудандарына жеткізіледі. Станса штаттық режимде жұмыс істеп, қаланың жылуға деген қажеттілігін толық өтеп отыр.
«Астана-Энергия» АҚ ЖЭО-3 директоры Еркеғали Есенжоловтың айтуынша, стансаның бірінші кезегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске қосылып, үшінші жыл тұрақты жұмыс істеп келеді.
Қазір біз үшінші жыл жұмыс істеп жатырмыз деуге болады. Стансаның белгіленген қуаты – 480 гигакалория. Негізгі отын – табиғи газ. Сонымен қатар резервтік режимде көмір мен мазутты да қолдана аламыз. Қазіргі уақытта қала ұсынатын режимдік картаға сәйкес қажетті жылу көлемін беріп отырмыз, – деді ол.
Оның айтуынша, ЖЭО-3 – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жаңа алаңда салынған алғашқы ірі энергетикалық нысан.
Бұл жоба нөлден бастап жүзеге асырылды. Бірінші кезек толық аяқталып, тұрақты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда нысанда 185 адам еңбек етеді. Бұл бүкіл кешенге қызмет көрсетуге жеткілікті, – деді станса директоры.
Баламалы отын және инфрақұрылым
Биыл ЖЭО-3-те көмірді резервтік балама отын ретінде пайдалану мүмкіндігіне қатысты жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Атап айтқанда, отын беру трактісін қайта себу тораптары мен ұсақтау корпусын іске қосу, теміржол стансасын инженерлік инфрақұрылыммен бірге салу көзделген. Сонымен қатар көктемде стансаның сыртқы және ішкі автомобиль жолдарын салу, аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасады.
Екінші кезек: қосымша жылу мен электр энергиясы
ЖЭО-3-тің екінші кезегін іске асыруға ерекше назар аударылып отыр. Жоба тек жылу ғана емес, электр энергиясын да өндіруді көздейді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлену кезеңінде.
Болашақта стансаның екінші кезегін іске қосу жоспарлануда. Ол жылумен қатар электр қуатын да береді. Қосымша шамамен 190 гигакалория жылу және 500 мегаваттқа дейін электр энергиясы өндіріледі, – деді Еркеғали Есенжолов.
Оның айтуынша, бүгінде Астана шамамен 1 000 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Қаланың өз генерациясы шамамен 500 мегаваттты құрайды, тағы 400–500 мегаватт сыртқы желілер арқылы жеткізіледі.
Екінші кезекті жүзеге асыру жеке инвестициялар тарту есебінен жоспарланған. Қолданылатын жабдықтар мен технологиялар Ресей, Германия, Италия және Нидерланд өндірісіне тиесілі, бірінші кезекте пайдаланылған шешімдерге ұқсас болады.
Максималды автоматтандыру және аз персонал
ЖЭО-3 жылу автоматикасы және өлшеу цехының бастығы Тимур Хусаинов стансаның еліміздегі ең технологиялық нысандардың бірі екенін атап өтті.
ЖЭО-3 – тәуелсіздік жылдарында салынған жаңа буындағы станса. Мұнда ең заманауи жабдықтар, бірегей бақылау-өлшеу аспаптары, атқарушы механизмдер және автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылған, – дейді ол.
Оның сөзінше, екінші кезек іске қосылған жағдайда елорда электр энергиясына деген сұранысын толықтай өз генерациясы есебінен жаба алады. Дегенмен бұл жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау мерзімі мен қаржыландыруға байланысты болмақ.
Автоматтандыру деңгейі өте жоғары. Басқа стансаларда осындай көлемдегі жұмысты орындау үшін әлдеқайда көп адам қажет болса, бізде негізгі процестерді автоматика атқарады. Компьютерлік жүйелер барлық операцияның дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді, – дейді Хусаинов.
Одан әрі ол қазіргі жылу өндіру көлемі Астананың екі-үш ірі ауданын толық қамтуға жеткілікті екенін атап өтті.
ЖЭО-3 іске қосылғалы бері қалада жылу энергиясының профициті қалыптасты. Алдағы жылыту маусымдарында тапшылық күтілмейді, – дейді станса өкілі.