Жеңістің 80 жылдығына орай танымдық сабақ өтті

Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясында Жеңістің 80 жылдығына орай "Мәңгілік алау-сөнбес оты ерліктің" тақырыбында танымдық сабақ өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білім ордасының қабырғасында өткен бұл сабақ оқушыларға ерліктің, батырлықтың және тарихты қадірлеудің маңыздылығын ұғындыруға бағытталған. Танымдық сабақ процесінде білім алушылар Ұлы Отан соғысының негізгі кезеңдері мен батырларымыздың ерліктері жайлы ақпарат пен деректерге қанық болды. "Мәңгілік алау" символының мәні мен оның маңызы жайлы әңгімелер, сондай-ақ бейнемазмұн көрсетілді. Кейін оқушылар соғыста от кешіп, кеудесін оққа тосқан батырлардың ерлігін үлгі етіп, өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру жолдары жайлы ой бөлісіп, тақырыпты жан-жақты талқылады.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған сабағымыз күнделікті сабақ сияқты емес, ерекше форматта өтті. Себебі ол тарихымызды тереңірек түсінуге, Ұлы Отан соғысының батырларын еске алуға бағытталды. Бұған дейін білмеген жаңа деректерді алдық. Сабақ қатты ұнады, - дейді мектеп оқушысы Нұркен Амангелді.
Мектеп әкімшілігі де бұл сабақ оқушылар үшін үлкен азық болғанын айтады.
Шынында бұл сабақтың маңызы зор болды. Оқушылардың бойында батырларымызға деген құрмет пен мақтаныш сезімі қалыптасып, өткенге деген құрметтің маңызы артты, - дейді №44 мектеп-гимназиясының директоры Абай Ақмұрзиев.
Шара барысында ҚР Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің әскери оркестрі, сондай-ақ мектеп ұстаздары мен оқушыларынан құралған "Жаса Қазақстан" атты флешмоб биін билеп, өнерлерін ортаға салды. Танымдық сабақ соңы бейбітшілік символы ретінде ақ көгершін ұшырумен аяқталды.