Жеңіске үлес қосқан азаматтарға қандай көмек көрсетіледі

Еңбекминінің Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Құралай Төлеубаева соғыс ардагерлері мен Жеңіске үлес қосқан адамдарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, соның ішінде олардың өмір сүру сапасын арттыру – Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі.

Азаматтардың осы санатын әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де іске асырылады. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне республикалық бюджеттен 16 АЕК-ке дейінгі көлемде ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал жергілікті бюджеттен ақшалай немесе заттай түрде әлеуметтік көмек көрсетіледі, - деді Құралай Төлеубаева.

Сарапшының айтуынша, азаматтардың осы санаттары үшін салық салудан жеңілдік режим қалданылады. Сондай-ақ зейнетке шыққан кезде оларға жұмыс кезінде бекітілген емханаларды пайдалану құқығы беріледі.

Денсаулық пен өмір сапасын жақсарту үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен тыл еңбеккерлері санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі.

Жеңіс күніне орай әкімдіктер біржолғы әлеуметтік көмек беруді жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді. Олардың мөлшері жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болады. Бұдан басқа, өңірлерде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін оларға атаулы әлеуметтік қолдау көрсету, мереке күндеріне азық-түлік себеттерін тапсыру мақсатында кәсіпорын басшылары патронаттық жұмыстар ұйымдастырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы