Жеңіс жолындағы тағдырлар: Qazcontent ұжымы қаһарман аталарын еске алды
Qazcontent ұжымы Жеңіс күні қарсаңында майдангер ата-бабаларының тағдырын еске алды. Ерлікке толы естеліктер мен әсерлі оқиғалар топтастырылды.
Ұлы Жеңіске биыл 81 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын сұрапыл соғысты көзімен көрген майдангерлердің қатары сиреп барады. Қазақстанда бүгінде 57 ғана ардагер қалды. Алайда уақыт алмасқанымен, ерлікке деген құрмет ешқашан өшпейді. BAQ.KZ тілшісі Жеңіс күні қарсаңында “Qazcontent” ұжымындағы әріптестерінің ата-бабалары туралы естеліктерді жинап, олардың есімін бір мәрте ұлықтауды жөн көрді.
Тарих порталының тілшісі Ернұр Ізімнің атасы – Ізім Мұқанов
Ізім Мұқанов – 1928 жылы дүниеге келген. Соғыс басталғанда жасы кәмелетке толмаса да, тылдағы ауыр еңбекке ерте араласып, ауыл тіршілігінің бел ортасында жүрген. Ел басына күн туған шақта ол өз отбасына ғана емес, анасы Мәруә әжеге, майданға кеткен ағасы Сүйеніштің жары Қилым әжеге және ауыл адамдарына қолғабыс еткен.
Сол жылдары ауылдағы негізгі ауыртпалық әйелдер мен балалардың иығына түсті. Ізім ата да жас болса да үлкендермен бірге еңбек етіп, елге қызмет қылды. Ел ішіндегі еңбекқорлығы мен қайсарлығы үшін оны жұрт «Ақ шекпенді бала» атап кеткен екен.
Ал оның ағалары – Мұқанов Сүйеніш пен Мұқанов Хамидолла майдан даласында ерлік көрсетті.
Мұқанов Сүйеніш 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Батбақкөл ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылып, Сталинград түбіндегі шайқастарда ерлікпен қаза тапқан.
Ал Мұқанов Хамидолла 1922 жылы туған. Ленинград түбіндегі қиян-кескі ұрыстарға қатысып, Отан үшін жанын берген.
“Әдебиет” порталының тілшісі Жадыра Шамұратова әкесі – Ғазиз Елеубаев
Ғазиз Елеубаев – 1923 жылы дүниеге келген. Соғыс басталғанда жасы 18-ге толмағандықтан, құжаттағы туған жылын 1924 деп жаздырып, майданға аттанған.
Орал облысы Тайпақ ауданынан бір үйден үш адам соғысқа кетеді: әкесі Елеубай және екі ұлы – Ғазиз бен Мақаш. Өкінішке қарай, Мақаш майданнан оралмай, хабарсыз кеткендердің қатарында қалған.
Ғазиз Елеубаев Мәскеу түбіндегі Калинин майданында шайқасып, 1943 жылы ауыр жараланады. Госпитальден кейін елге оралып, ІІ топ мүгедегі атанады.
Соғыстан кейін білім саласына бет бұрып, Орал педучилищесін, кейін А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін тәмамдайды. Өмірінің 42 жылын ұстаздыққа арнап, мектеп директоры болған.
Қызы Жадыраның айтуынша, әкесі соғыс туралы көп айтпаған, кездесулерге де бармаған. Бірақ кітап оқуды ерекше жақсы көріпті. Үйінде Бауыржан Момышұлының, Д.Снегиннің, маршал Жуков пен Сталин туралы кітаптар сақталған.
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы Айым Сәдуақасованың атасы – Ахмет Бабашев
Ахмет Бабашев – 1909 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай өңірінде дүниеге келген. Ол ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы «Сауатсыздықты жою» науқанына белсенді қатысып, ұстаздық жолды таңдаған азаматтардың бірі болды.
Қарқаралы педагогикалық училищесінде білім алып, ауыл балаларын оқытып, ағарту ісіне үлес қосқан. 1938 жылы алғаш құрылған партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарған.
1942 жылы майданға аттанып, Ленинград майданындағы 533-атқыштар дивизиясында автоматшы болған. Ресми құжаттарда оның 1943 және 1944 жылдары ерекше ерлік көрсеткені жазылған.
1944 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Соғыстан кейін колхоз шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына араласқан.
Ахмет Бабашев ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен және басқа да марапаттармен наградталған.
Бүгінде оның есімі Әлихан Ермеков атындағы мектептің бастауыш сыныбына берілген.
Креативті контент дирекциясының жарнама жөніндегі маманы Жанна Тоғызбаеваның атасы – Кәкім Тоғызбаев
Кәкім Тоғызбаев – 1910 жылы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. 1943 жылы Смоленск түбіндегі шайқастардың бірінде жау қоршауында қалып, ауыр жарақат алған. Соған қарамастан рухы сынбай, майдан жолын жалғастырады.
Кейін майданнан Қазақстанға шақыртылып, Алматыда машинист мамандығын меңгереді. Танктер мен ұшақтар шығаратын зауытта еңбек етіп, тылда Жеңіске үлес қосады. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
Соғыстан кейін теміржол саласында еңбек етіп, тепловоз машинисіне дейін көтерілген. 74 жасында ғана зейнетке шыққан.
Немересі Жаннаның айтуынша, Кәкім ата сабырлы, бойшаң адам болған. Тағдырдың тағы бір қызық сыйы – ол 53 жасында егіз ұлдың әкесі атанған. Солардың бірі – Жаннаның әкесі.
Креативті контент дирекциясының SEO маманы Аршат Ораздың атасы – Қайыржан Мұхтаров
Қайыржан Мұхтаров – 1914 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қараой ауылында дүниеге келген. Жастайынан математикаға жүйрік болған ол кейін мұғалім атанған. Соғыс басталғанда майданға аттанып, соғыстың басынан соңына дейін қатысқан.
Математикалық қабілетінің арқасында жау ұшақтарын дәл есеппен атып түсіру бөлімінде қызмет еткен. Ерлігі үшін Даңқ орденімен марапатталған.
Соғыстан кейін туған ауылына оралып, өмірін білім саласына арнаған. 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген. 1998 жылы 84 жасында дүниеден өтті.
Бүгінде оның соғыс кезінде жазған күнделігі музейде сақтаулы тұр.
"Рrimeminister.kz" ақпарат агенттігінің тілшісі Нұрлан Уразғалиевтің атасының інісі – Жақсыбай Кенжебаев
Жақсыбай Кенжебаев – шамамен 1919 жылы дүниеге келген. Бала кезінен өлең-жырға жақын болып өсіп, Түрікменстандағы педагогикалық училищені тәмамдаған.
1939 жылы әскерге алынып, Украинадағы Запорожье қаласында әскери борышын өтеген. Алайда сол жылы соғыс басталып кетіп, майдан шебінде қалып қойған.
Жақсыбай ата ауылға хаттарын өлеңмен жолдап отырған екен. Хаттарының көбін інісі Байшахан сақтап жүрген. Алайда бір күні құдықтан су алып жатқанда қалтасындағы хаттары суға түсіп кетіп, сақталмай қалған.
Соған қарамастан, ұрпақтары есінде қалған шумақтарды жинап, бүгінге дейін домбырамен жыр етіп айтып жүр.
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашованың атасы – Жұмаш Иманшартов
Жұмаш (Мұхамеджұма) Иманшартов – 1906 жылы Семей облысы Абай ауданы Құндызды ауылында дүниеге келген. Ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер ғана емес, ел ішінде сауат ашып, ағартушылықпен айналысқан көзі ашық азаматтардың бірі ретінде ел есінде.
Атам ескіше хат таныған, діни сауаты бар адам болған. Соғысқа дейін ауыл арасында бала оқытып, елдің сауатын ашуға еңбек сіңірген. Заманының көзі қарақты, білімге жақын адамдарының бірі ретіне еңбек еткенін үлкендер жиі айтып отыратын. Ері майданға аттанған кезде әжем Жамал Болатбекқызы да сол дәуірдегі қайсар аналардың қатарында тылдағы ауыр еңбекке араласып, елдің тіршілігін сақтап қалуға өз үлесін қосқан, - деп еске алады немересі.
Жұмаш Иманшартов 1942 жылдың ақпан айында Абай аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынған. Майданға қарапайым қызыләскер ретінде аттанып, 370-ші запас атқыштар полкінің құрамында болып, кейін Кавказ бағытына жөнелтілген. Архив құжаттарында Әзербайжан өңіріндегі әскери бөлімдерге қатысы болғаны көрсетіледі.
№9 команда құрамында әскери бөлімнен 1943 жылдың 19 сәуірі мен 12 мамыры аралығында шығарылған. Бұл деректер оның майдан жолының ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келгенін аңғартады.
Оның майдан жолына қатысты мәліметтер Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде (ЦАМО) сақтаулы.
Соғыстан кейін ел еңсесін тіктеу кезеңінде ауылдағы колхоз шаруашылығын қайта жандандыру ісіне белсене араласып, елдің тұрмысын қалпына келтіруге өз үлесін қосқан.
Креативті контент дирекциясының креативті медиа продюсері Айжан Нұрғазинованың атасы – Үмбетқали Нұрғазинов
Үмбетқали Нұрғазинов – 1911 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге к елген.
1943 жылы әскер қатарына шақырылып, танкіге қарсы артиллериялық полк құрамында Украина, Молдова, Болгария, Румыния, Сербия және Австрия жерлерінде соғысқан.
1944 жылы Молдова жеріндегі шайқаста жау оғының астында қалып, екі зеңбіректі жөндеп шыққаны үшін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылған.
Белград бағытындағы ұрыстарға қатысып, «Белградты азат еткені үшін» медалімен марапатталған. Кейін Балатон шайқасында ауыр жараланып, майданнан орала алмай қалған. Соғыстан кейін туған жеріне келіп, ұзақ ғұмыр кешкен.
Немерелеріне соғыс туралы көп айтпаса да, бір оқиғаны әзілдеп еске алатын. Бір шайқаста қорыққан қоян қойныма кіріп кетті. Содан екеуміз бірге ұрысқа кірдік дейтін, - деп еске алады немересі.
Қаржы және есептілік басқармасының аға экономисі Жәмиля Нұрышеваның атасы – Мүслім Нұрышев
Мүслім Нұрышев – 1917 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келген.1939 жылы Фин соғысына қатысып, жараланып елге оралғанымен, 1941 жылы қайтадан майданға аттанады.
Ол Ақмолада құрылған 310-атқыштар дивизиясының құрамында Ленинград бағытындағы ауыр шайқастарға қатысқан.
1944 жылы Иванкова ауылы маңындағы шайқаста ерекше ерлік көрсетіп, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған.
Атам соғыс туралы айтқанды, оны еске алғанды, тіпті өз ерліктері жайлы әңгімелеуді ұнатпайтын. Біз, немерелері, ол кісі туралы көптеген мәліметті кейін ғаламтордан таптық, - дейді Жәмиля Нұрышева.
Мобилограф Данат Камариденов атасы – Бөкен Нұрекенов
Нұрекенов Бөкен – 1907 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде отбасымен Екібастұз өңіріндегі Ақкөл совхозында тұрған.
1942 жылы 31 мамырда Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылған. Сол кезде артында жары Айша мен балалары – Тасқынбай, Бәтия, Болат, Сәтия, Рахима және Жақсылық қалған.
Бөкен ата Ұлы Отан соғысында 243-ші атқыштар дивизиясының құрамында шайқасып, Украина жерін азат ету ұрыстарына қатысқан. 1943 жылдың басында Ворошиловград облысындағы (қазіргі Луганск) ауыр шайқастардың бел ортасында болды.
Мұрағаттық деректерге сәйкес, 1943 жылы 15 ақпанда Ворошиловград облысы Александров ауданына қарасты Давыдовка совхозы маңындағы қанды шайқаста ерлікпен қаза тауып, сол жерде жерленген. Алайда ұзақ жылдар бойы отбасына нақты хабар жетпегендіктен, ол «хабарсыз кеткендердің» қатарында саналып келген.
Бөкен атамыз оралмаса да, жары Айша ана алты баласын – Тасқынбай, Бәтия, Болат, Сәтия, Рахима және Жақсылықты ешкімге жаутаңдатпай, жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген. Отағасына деген адалдығын сақтап, екінші рет тұрмыс құрмаған. Қара шаңырақтың отын өшірмей, балаларын жеткізіп, 86 жасына дейін ғұмыр кешкен.
Жылдар өтсе де, соғыс салған жараның ізі ұмытылған жоқ. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтар мен тылда жан аямай еңбек еткен жандардың есімі – халық жадында мәңгі сақталады.
Бүгінгі ұрпақ олардың ерлігіне тағзым етеді. Себебі бейбіт өмірдің әр күні – сол буынның жанқиярлығы мен батырлығының жемісі. Ал аталарының есімін мақтанышпен айтып жүрген ұрпақ барда, ерлік ешқашан ұмытылмайды.