Жеңіс тойындағы тарту

Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай ат жарысы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен тайпалған талай тұлпар аламанға түсті. "Astana Cup" додасында жүйріктер 6 қашықтық бойынша жүлдені сарапқа салды. Ат дүбірін естісе қиқулайтын ел үшін мереке қарсаңында таптырмас тарту болды.

Шабыт пен шабыс

Бәйге маусымы бастала сала шабандоздар тақымын қысып, атсейістер бақ пен баптың қатар шабуын тілеп жүр. Осы жолы Астанада өткен ат жарысқа да 20 өңірден 100-ге жуық сәйгүлік келген. Шетінен салтанаты мен сәні жарасқан қарагер. Бір қарағанда-ақ "көмбеден көрінейін деп тұр-ау" деген ойға қаласың. Жалпы жүлде қоры 120 млн теңгеге болғасын ба, ауыздығын тістеп, тұяғымен жер тартып тұрғаны көп. Халықтың делебесі қозып, мәре-сәре күй кешті. "Қазанат" атшабарының айналасы азан-қазан болып, құдды жарыстың салмағы сезілді. Атшабар аумағында киіз үй тігіліп, арқан тартылмаса да, қазақтың ұлттық ойыны өтетіні білінді. Жанкүйер де "Көшпенділер ойындағы" декорация мен ұйымдастыру деңгейін аңсады, білем...

Қош, алдымен Ұшқыр бәйгеде сынға түсетіндер тұлпарын тізгіндеп, арнайы орынға кіре бастады. 2-8 шақырымға шабатын атты қырғыншыл дейтініндей, 1200 метрге кіл ұшқыр аттар жиналған екен. Ә дегеннен алдына қара салмайтын жүйріктер аққан жұлдыздай адымдады. Бәйгені бастаған 9 сәйгүлік арасынан Расул Алпысбай тізгіндеген "Скайлер Блэйк" атты тұлпар мәреге бірінші (5 млн) жетті. Артынша "Икарус" тақымдаған Мырзабек Каппушев (3 млн) пен "Амайя" жүйрігіне қамшы басқан Жеңіс Диас (2 млн) екінші-үшінші орынға тұрақтады.

Келесі, 1600 шақырымда да дәл осындай жүлде қоры тігілді. Бұл бәсекеде "Мэрайя" сәйгүлігін баптаған Күрімбек Дидарбек, "Хаканды" жетектеген Болат Абдыхамит, "Шардарамен" бар өнерін көрсеткен Нұртөре Нәсіпбек топ жарды. Ал 14 бәйге аты дүбірге қосылған 1800 шақырымда тағы да Күрімбек Дидарбек шабандоз алдына қара салмады. Осы жолы ол "Нур Шатояға" қамшы салған-ды. Екінші Қайрат Доқтырбаев мінген "Пионер Пак" келсе, "Фат Ирді" тізгіндеген Дәурен Жүсіповке үшінші орын бұйырды.

Ұшқыр бәйгенің жанкүйер күткен кезеңі – 2000 шақырым бәйге де жұрт көңілінен шықты. Атағы алысқа жеткен "Флэтчер" білгенінен жаңылмады. Тұлпардың жокейі Расул Алпысбай жеңіс күніне арналған додада ешкімге дес бермей, екі рет қара үзді. Дәурен Жүсіпов те үзенгілесінен қалыспай, жүлделі орыннан көрініп, "Кип Голмен" екінші тұғырға көтерілді. "Ел Орданы" тізгіндеген Жеңіс Диас әуелі қатарынан дара шапқанымен, нәтижесінде үздік үштікті түйіндеді. Осылайша, елордада өткен тойда "Ел Орда" ел үмітін ақтады.

Семейдің сәйгүлігі топ жарды

Сонымен, көптен күткен, халық алақанын ысқан топ бәйге басталды. 24 тұлпар тірескен тартыс қызған үстіне қыза түсті. 12 шақырымда "Қазанатты" алты рет айналуға бекінген жүйріктер тосылған жоқ. Есімі айшылық жерден естілетін жарау аттар тарпынып-ақ тұр. Алға ұмтылған тұлпарының тізгінін жібермей ұстауға тырысқан шабандоз құламауға бекінген. Ұшқыр бәйгеде кілең шетелше айдар таққан сәйгүлік көп. Ал топ бәйгідегі күреңдердің атауы құлағыңның құрышын қандырады. "Тәуекел", "Дүлдүл", "Тобылғыторы", "Ақбақай", "Ақжауын", "Найза" деп жалғаса береді. Бірақ осының ішінен "Байдикті" тақымдаған Алдияр Ердосұлы бірінші келерін кім білген? Өйткені бес айналым бойы "Найза" мен "Әбдеш торы" ауыздық тістесіп келген. Екеуінің дара шабысы көпті таңдандырды. Алайда соңғы айналымда "Бәйтерек" пен "Байдик" тұлпар ызғыта алға шықты. Сөйткенде болған жоқ, "Әбдеш торы" әуелгі аяңынан айырылды. Мәре сызығына аз қалғанда "Найза" да екеуіне жол беріп, үшінші орынға ысырылды. Осылайша, атақты шабандоз Аңсар Арыстанбек қамшы басқан "Бәйтерек" екінші, Алдияр Ердосұлы мінген "Байдик" бірінші келді. "Бірінші айналымнан бастап, сәйгүлігім алып қашты. Тізгінді тартып, өзіме барынша икемдедім. Бапкердің айтуымен топ ішінде шаптым. Мәре сызығына таяқ тастам қалғанда Әділет бапкерім «аттың басын жібер" деді. Осылайша, "Байдик" қара үзіп шықты. Биыл екі машина ұттым, бұл – үшінші жеңісім" - деп ақтарылды шабандоз Алдияр Ердосұлы.

Топ бәйгенің қызығына тоймай отырып, Аламанның ысқырығы шалынғанын байқамай қалдық. 32 сәйгүлік 18 шақырымды бетке алды. Ішінде "сен тұр, мен атайын" дейтін жүйрік те, жокей де жетерлік. "Желқарасын" тебініп Орынбасар Нұрым келген, "Мырзасын" мінген атақты Хамза Амангелгі де қалыспапты. "Көкдауыл" мен "Айналайынның" тұрқы әудем жерден көрініп, тұяғымен жер тарпиды. Айтса-айтқандай бітімі бөлек "Көкдауыл" оқ бойы оза шапты. Артына пысқырып та қарамады. Кейде "Әбдеш торы", бірде "Тасқын" қатарласқанымен, сасқан жоқ. Бір шабыспен мәреге дейін жетті. Рас, бәйгенің алдын бермес сәйгүлік не топ ішінде шабады не қара үзіп шығады. Тек артта қалып, қамшы басуды күтпесе керек. Мұнда да Топ бәйгідегідей орта топта шапқан «Қарлығаш» алға суырылып шықты. Соңғы айналымда «Көкдауыл» бағанадан бері тың желіспен шапқан «Қарлығашты» өкшелей шапты. Екеуі дара шауып, мәре сызығын бірінен кейін бірі кесті. Артынша Ыбыр Ерқанат тақымдаған "Тасқын" үшінші келді.

8 жасымнан атқа міндім. Қазір 13 жастамын. "Көкдауылмен" екінші рет жарысқа қатыстым. Өткенде осы тұлпармен Алматы иподромында өткен бәйгеге шаптым. Бүгін барынша тізгінді тартуға тырыстым, бірақ ат тоғыз айналым бойы алдына қара салмауға тырысты. Иә, Топ бәйгіде жылдамдық жоғары болды, Аламанда олай емес. Аламанда еркін көсіле шаптым. Өзім «Желқараны» қауіпті қарсылас деп тартынып келгенмін. Көргендеріңіздей, мәреге екінші жеттім. Әрине, әттеген-ай бар", - дейді шабандоз Аңсар Арыстанбек.

Ұйымдастырушылар да, жанкүйер де "Көкдауыл" мен Аңсардың шеберлігіне қайран қалып, қол соқты. Келген жұрт әуелде осы Аңсар Арыстанбек пен Хамза Амангелдінің тартысын көруге асыққан. Былтыр "Ақбақай" мен "Жұмыртұяқ" ауыздық шайнасып, "Көшпенділер" ойынында қатар келген-ді. Екі қайсар, намысты ұлдың өліспей-беріспегені таңдай қақтырған-ды. Ал бүгін "Көкдауылдың" алдынан "Мырза" емес, "Қарлығаш" шығып, қапы қалдырды.

 

"Қарлығашпен" биыл қыстан бері достастым. Бүгін аламанда соңғы айналымда ішкі топты да, сыртқы топты да басып оздым. Бапкерім тоғыз айналым бойы құлағыма "асықпа" деп айтып тұрды. "Айналайынды" басты қарсыласым ретінде көргеніммен, ол бәйге кезінде талып қалды. Атымның күшін, қай жерге дейін барарын сездім. Сондықтан ақырғы айналымда барымды салдым, - деді Әмір Сералы.

Не керек, ат дүбірі елорданың шаңын шығарып, жанкүйердің желігін басты. Топ бәйгіде де, Аламанда да бірінші орынға 15 миллион, екінші орынға 10 миллион, үшінші орынға 5 миллион теңге берілді. Демеушілер жеңіс күнінің де, тартыстың да абыройын асқақтатты. Тақымы талмайтын жүректі өрендерді көріп ел марқайды. Көзінен жалын атып, тұлпарымен тілдескен жас шабандоздарға сүйсінді. Бәйгеге шапқан ең жас жокей – 6 жаста. Осынша күш, жігер, рух қаршадай балада қайдан жүр деп таңдай қағасың. Артынша оның текті қазақтың ұрпағы, аттанарда «атың бәйгілі, өзің әйгілі бол» деп тілеуін тілейтін ананың ұлы екені еске түседі. Осындай жүректі ұлдар жасай берсін!

 

Айзат Айдарқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қайров Аманжол
Өзгелердің жаңалығы