Жеңіс шыңында қалып қойған ресейлік альпинист қаза тапқан болуы мүмкін
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Жеңіс шыңында қалып қойған 47 жастағы ресейлік альпинист Наталья Наговицина қаза тапқан болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Адил Чаргынов "Известияға" берген сұхбатында айтты.
Ақпаратты растаймын. Біздің барлық сарапшылар осындай болжам айтты, – деді ол.
Сонымен қатар Чаргыновтың мәліметінше, альпинистті іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілген.
Наговицинаның Жеңіс шыңында қалып қойғаны 19 тамызда белгілі болған. Ол түсіп келе жатып аяғын сындырып алған және осымен 11 күннен бері биіктікте қалып отыр.
22 тамызда құтқару операциясы құтқарушылар тобының жетекшісінің денсаулығы нашарлап кетуіне және ауа райының нашарлауына байланысты уақытша тоқтатылған еді.
Айта кетейік, 19 тамызда Қырғызстан ТЖМ қызметкерлері таудағы лагерьден 60 альпинистті эвакуациялап үлгерген. Олардың арасында қазақстандықтар да болған.