Жеңіс Сейдоллаұлы: Үкімет рұқсат бермейінше, ешқандай мәдени шара өткізбейміз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халық мүмкіндігінше үйде болып, адам көп шоғырланған жерге бармай тұра тұрғаны жөн. Бұл туралы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы тілдесу кезінде айтты.

Әнші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесін тыңдағанын айта келе оған қатысты өз пікірін білдірді.

Төтенше жағдайдың алынғаны қауіптің сейілгенін білдірмейді. Алматыда және еліміздің өзге де қалаларында карантин режимі сақталып отыр. Күн сайын вирус жұқтырған адамдар саны артып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысы елдегі экономикалық жағдайды, әсіресе шағын және орта бизнес құлдырап кетпес үшін осындай қадамға барып отыр. Олар қаншама адамды асырап отыр. Сондықтан бизнесті қайта қалпына келтіру керек. Жеке кәсіпкерлеріміз бар, одан бөлек ауыл шаруашылығымен айналысатындар бар. Міне, осындай өндірістерді қалпына келтіру керек болды, - деді ол. 

Сондай-ақ, Жеңіс Сейдоллаұлы елде төтенше жағдай алынғанымен "Қазақконцерт" ұйымының жұмысы тоқтап тұрғанын жеткізді.

Біз сияқты концертпен байланысты сауықтыру орталықтарының жұмысы әзірге тоқтап тұр. Ол да дұрыс шешім. Үкімет рұқсат бермейінше, біз ешқандай мәдени шара өткізбейміз. Дегенмен, наурыздың 20-нан бері онлайн концерттер өткізіп келеміз. Мәдениет министрлігінің қолдауымен осы онлайн концерт өткізуді біз бастаған едік. Ол тікелей "Қазақконцерттің" жобасы. Бұрын сағат 21.00-де "Қазақтелекомда" шығып келсек, енді әлеуметтік желідегі өз парақшамыз арқылы өткізе береміз. Өнер адамдары әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімізбен байланыстамыз, жиындарды да онлайн өткізіп жатырмыз, - деді Жеңіс Сейдоллаұлы. 

Сөз арасында ол халықты осындай қиын қыстау кезде шыдамдылық танытып, түсіністікпен қарауға шақырды.

Карантинде, жалпы екі ай үйде болу оңай емес. Алайда "сабыр түбі – сары алтын" дейді ғой. Жұртшылыққа сабыр тілеймін. Халық мүмкіндігінше, үйде болып, адам көп шоғырланған жерге бармағаны дұрыс. Той-томалақ тоқтай тұрса екен. 30 адамнан артық адам жиналмасын деп жатқан шектеулерді сақтасақ. Егер дүкенге бара қалсаңыз, бұған дейін айтылып келген сақтық шараларын ұстану қажет. Ол дегеніміз адамдар арасындағы ара қашықтықты сақтап, маска киіп жүру. Мұның бәрі мемлекет деңгейіндегі шектеулер, қауіп әлі де бар, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы