Жеңіс күні. Әр өңірдің ардагерлері қанша теңге қаржылай көмек алады
ҰОС ардагерлері мен Жеңіске үлес қосқан адамдар 3 млрд теңге сомасында біржолғы қаржылай көмек алады, деп хабарлайды BAQ.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздің барлық өңірінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығын мерекелеу құрметіне ҰОС ардагерлеріне кемінде 1,5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Жалпы алғанда, 50,1 мың адамға (ҰОС ардагерлеріне және Жеңіске үлес қосқан адамдарға) жергілікті атқарушы органдармен 3 млрд теңге қарастырылған.
Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) 148 ардагері тұрады, оның ішінде 108 қатысушысы және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар 40 адам, сондай-ақ, республикада ҰОС жеңісіне үлес қосқан 50 012 басқа азамат бар. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 70 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 149 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 314 адам; ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 47 477 адам.
ҰОС кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды – олар шайқаста қаза тауып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.
Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады.
Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ре азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:
- ҰОС қатысушылары үшін – 239 844 теңге (108 адам);
- ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 250 125 теңге (40 адам);
- басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 217 348 теңге (26 149 адам);
- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 196 861 теңге (3 477 адам);
- ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 151 548 теңге (14 043 адам);
- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 161 432 теңге (47 477 адам).
Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетілуде. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады (373,7 млн теңгеге 1 636 адам).
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджет және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (естелік) күндерге материалдық көмек түрінде және келесі нысанда қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді: тұрғын үйді жөндеу (14,3 млн теңгеге 53 адам), отынмен қамтамасыз ету (14,5 млн теңгеге 342 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (9,5 млн теңгеге 629 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (76,5 млн теңгеге 7 020 адам), тіс протездеу (37 млн теңгеге 203 адам), азық-түлік топтамасы (54,4 млн теңгеге 6 272 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.
Үшіншіден, жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 50,1 мың адамға 3 млрд теңге жалпы сомаға біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр, оның ішінде 148 ҰОС ардагеріне 262,7 млн теңгеге (ағымдағы жылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша).
Облыстардың, астананың мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС ардагерлері үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін 1,5 млн теңгеден кем емес мөлшерінде белгілеу ұсынылды. Нәтижесінде өңірлердің көбісінде біржолғы қаржылай төлемдердің мөлшері көрсетілген шамада белгіленген. Кейбір өңірлерде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты төлемдер мөлшері көбірек болады.
Бүгінгі таңда ҰОС ардагерлеріне төлемдер барлық өңірлерде жүргізілді. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79-жылдығын мерекелеу құрметіне Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеке құттықтау хаттары және естелік сыйлықтар табыс етіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ардагерлерге мен басқа да азаматтарға ерекше құрмет пен алғыс білдіре отырып, баршаңызды келе жатқан жарқын мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтайды! Әр адамның парызы – өз елінің тарихын білу және құрметтеу, Жеңісті келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жақындатқан майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің өшпес ерліктерін ұмытпауға тиіспіз!, - делінген хабарламада.