Жеңіс Қасымбек: Облыста 8 санитарлық бекет орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Бүгінгі күні облыстағы ауруханаларда науқастарға арналған орындардың толуы 4%-дан аспайды, бұл еліміз бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. Биыл денсаулық сақтау саласының 49 нысанында жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мысалы, Жезқазған қаласында 200 орындық аурухана пайдалануға берілді. Нәтижесінде биылғы көктемдегі жағдаймен салыстырғанда, ауруханалардағы орын саны 3 есеге ұлғайды. Бұл ретте жоспарлы медициналық көмек сақталып отыр. Желтоқсан айына қарай ауруханаларда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған орындар саны 5200-ге дейін жеткізіледі. 288 мобильді емханалық бригада құрылды. Шалғайдағы ауылдарда 9 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, - деді ол.
 

Аймақ басшысы Президенттің тапсырмасы бойынша, тұрғындарды тестілеумен қамту артқанын айтты. Қазір облыста тәулігіне 10 мың сынақ өткізе алатын 8 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Пандемия басталғалы бері өңірде 285 мың сынақ өткізілген.
 

Облыста вахталық әдіспен жұмыс істейтін 40-қа жуық өндірістік кәсіпорын бар. Олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу үшін ауысым алдында және ауысымнан кейін жұмысшыларды тестілеу мен карантин шаралары жүргізілуде. Ауруханалар мен емханаларды, дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қоры 3 айға жеткілікті. Диспансерлік есепте тұрған барлық науқас қаңтар айын қоса алғанда, қажетті дәрі-дәрмек жиынтығын алады. Тыныс алу жүйесін уақытылы диагностикалау және емдеу үшін ауруханаларда заманауи медициналық жабдықтармен жарақтауда жалғастырып жатырмыз. Биыл өкпені жасанды желдету аппараттарының санын 2,5 есеге арттырдық. 25 ауруханада медициналық газдарды берудің орталықтандырылған жүйесі орнатылды. Жыл соңына дейін өңірдегі 18 компьютерлік-томография кабинеттеріне Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск қалаларында тағы осындай 4 кабинет қосылады, - деді ол.
 

Жеңіс Қасымбек облыстың периметрі бойынша 8 санитарлық бекет орнатылғанын жеткізді. 
 

 

Қазіргі уақытта аймақта 6,5 мыңнан астам медицина қызметкері қажет болған жағдайда жұмылуға дайын отыр. Кадр тапшылығы жоқ. Жалпы алғанда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, - деді әкім. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы