Жеңіс Қасымбек облыстағы жол құрылысының барысын тексерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бүгін Қарағанды мен Доскейде құрылыс және жол жұмыстарының барысын тексерді.
Карл Маркс-Магнитогорская көшелерінде 100 бірлік техника мен 250 жұмысшы жұмыс істейді. Восток 5 және 1 шағын аудандары арасындағы учаскеде жер жұмыстары жүргізіліп, нөсер кәріздерін орнату бойынша жұмыстар орындалды. Қазір мұнда жол төсеуге әзірлік шаралары жүріп жатыр. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолдары жабдықталып, жаңа жарықтандыру тіректері орнатыла бастады. Шілде айының соңына қарай ауыр жүк көліктеріне арналған Жетінші магистральдің жаңартылған учаскесін ашуды жоспарлап отырмыз. Жобада жол негізін заманауи технологияларды қолдана отырып ауыстыру қарастырылған - деді облыс әкімі өзінің әлеуметтік желіде жазған жазбасында.
Бұқар жырау ауданының Доскей кентінде қараусыз қалған бес қабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы жергілікті бюджет қаржысына бір үй жөнделіп, әлеуметтік осал санатта кезекте тұрған азаматтарға берілді. Сондай-ақ биыл үш үй облыстық басқармаларға тапсырылып, мұнда дәрігерлерге, мұғалімдерге және мәдениет қызметкерлеріне арнап қызметтік тұрғын үйлер ұйымдастырылатын болады. Жыл соңына дейін кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін тағы екі бес қабатты ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асады. Ал келесі жылы қалған төрт үйді жөндеу қарастырылуда - деді өңір басшысы.