Саран қаласында шина зауыты салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейлік «Татнефть» компаниясы Қарағанды облысында автокөлік шиналарын шығаратын болады. Саранда жаңа зауыт салынады. Автомобиль кластері бұрынғы РТБ зауытының аумағында құрылады, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты.

Қазірдің өзінде ауқымды жобаны іске асыру бойынша жол картасы әзірленді. Зауыт құрылысын 2021 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр.

Ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін Қарағандыға «Татнефть» компаниясының бас директоры Наиль Маганов бастаған делегация келді. Инвесторлар Саран қаласының құрылыс алаңына барып, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесті.

Біз бұл жобаны сапалы және мерзімінде жүзеге асыру үшін ең жақсы ресурстарды жібереміз. Қазақстанның, атап айтқанда, Қарағанды облысының автомобиль өнеркәсібін дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Жоба жаңа жұмыс орындарын құру, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті қамтамасыз ету сияқты өлшемдерге сәйкес келеді, - деп атап өтті Наиль Маганов.
Компания өкілдері өңірдің инвестициялық климатын жоғары бағалады. Жеңіс Қасымбек инвестициялық келісім аясында алынған барлық міндеттемелер орындалатынына сендірді. Зауыт құрылысына жер телімі берілді. Инфрақұрылымды жүргізу басталды. Бірлескен кәсіпорынның қатысушысы «Сарыарқа» ӘКК болады.
Бұл біздің облыс үшін жаңа бағытты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Біз тек инвестицияларға ғана емес, сіздердің тәжірибелеріңізге де қызығушылық танытамыз. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ресей аймақтарымен біз көптеген салаларда белсенді жұмыс істейміз. Облыста 891 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Ресей Федерациясымен тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. 

Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 111 млрд теңгені құрайды. Қарағанды облысындағы зауытта климат ерекшеліктерін ескере отырып, made in Kazakhstan шинасының жаңа түрі шығарылатын болады.

Жоба 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай жобалық қуаттылыққа шығып, жылына 3 млн жеңіл шина мен 0,5 млн жүк шинасын шығару жоспарлануда. Өнім ішкі нарыққа және таяу шетелдерге экспортталатын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы