Жеңіс - 75: Түркістаннан 18 547 азамат соғысқа аттанған

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мейрамына орай "Мәңгілік даңқ" атты онлайн іс-шарасы ұйымдастырылды. Онлайн шараны Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов сөз сөйлеп ашты.

Оның айтуынша, 75 жыл бұрын болған сұрапыл соғысқа бірде бір қатысы жоқ қазақстандық отбасылар жоқ. Соғыс әрбір қазақ отбасын шарпыды. Сол себепті, 9 мамыр мерекесі мемлекеттік деңгейде өткізетін мереке деп атап өтті.

Біздің университеттің бастамасымен онлайн режимде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап "Мәңгілік даңқ" акциясын атап өтіп жатырмыз. Бұл күн жыл сайын қуанышпен күтетін мереке. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия тұтқиылдан соғысты бастап кетті. Сол кезде Совет одағының құрамына 15 республика кірді. Оның ішінде біздің Қазақ КСР-і де болды. Соғыс жылдары адамзат тарихындағы ауыр күндердің бірі. 1945 жылдың 9 мамырына дейін үлкен дүниежүзілік соғыс болды. Аталарымыз елімізді үлкен ерлікпен қорғады. Себебі фашистік Германияның теріс пиғылы белгілі болатын. Басқа ұлттарды екінші сорт ретінде бағалайтын. Соғысқа 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Жартысы соғыста қаза тапты, яғни 600 мыңнан астам қазақстандық елге қайтпады. Одан бөлек, тылда еңбек еткен ағаларымыз, әкелеріміз, әжелеріміз, аналарымыз әскерге астық болсын, киім болсын жөнелтті. Еуропаның және Белоруссия, Мәскеуде орналасқан зауыт, фабрикаларды қазақ жеріне көшіріп әкелді. Соғысқа ұшақ, танк, қару-жарақ жөнелту керек болды. Қазақстандықтар соғыс кезінде ерлікпен жұмыс жасады. Соғысқа арнап шығарылған он оқтың тоғызы біздің елге тиесілі. Халқымыз қайсарлық пен жоғары патриоттық сезім көрсетті. Сөйтіп жауды жойып, Берлинге дейін жетті, - деді Болат Абдрасилов.

Онлайн режимде өткен шарада университет басшысы өзінің атасы Абдраш Искендиров туралы естелігімен бөлісті. Ол кісі 1939 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, соғыстың ең алғашқы күнінен бастап қатысқан екен. Әскерде Балтық жағалауында қызмет еткен. Университет президентінің айтуынша, алғашқы жылдары қызыл әскер кері шегінген. Себебі, бүкіл Еуропа Германияға қызмет жасады.

Атамыз Абдраш Искендиров 14-зеңбірек артиллериясының гвардия полкінде қызмет жасады. Үш жарым жылдай Ленинградта блокадада шайқасқан. Сол блокадада басынан аяғына дейін Ленинградты қорғап, бірнеше рет жарақат алған. Өйткені, әскердің алдыңғы қатарында барлаушы болған. 2001 жылы қайтыс болды. Артынан біраз ұрпақ қалды. Екі рет "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен, І, ІІ дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ленинградты қорғағаны үшін" медальдерімен марапатталды. Соғыстан кейін елге аман-сау оралып, мемлекетіміздің дамуына да көп үлес қосты. Еңбек майданында да "Еңбек Қызыл ту" орденімен марапатталды, - деді ол.

Оның сөзінше, атасы Абдраш Искендиров соғыс туралы көп айтпайтын болған. Алайда, өмірінің соңғы күндері 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанып хабарсыз кеткен Ибрагим деген інісі болғанын, соны іздестіріп таппағанын айтқан. Көп ұзамай Ибрагим Искендиров туралы деректер іздестіре бастайды. 2012 жылы бүкіл соғыстың архивтерін, Мәскеу қаласындағы базадан мемориал құжаттарға іздеу салады.

Кезінде ол кісілер таба алмаған. Неге десеңіз, орысша жазған кезде аты-жөнін өзгеріп кеткендіктен таба алмаған. Біз ОБД мемориалдан таптық. Атамыздың інісі Украинадағы Зенков қаласында 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан екен. 2012 жылы дәл 9 мамыр күні отбасымызбен барып құран бағыштап келдік. Соғыста әр полк шығын туралы архивке мәлімет беріп отырыпты. Біз сол сапарымызда тағы да полкта қаза тапқан қосымша 166 қазақстандықты таптық. Алдын аталарымыз туыстарын 60-70-ші жылдары іздеген. 2012 жылы екінші толқын біздер іздеп барған кезде Зенков қаласының тұрғындары таң қалды. Елге келген соң 166 кісіні іздеуді бастадық. Ол кісілер туралы өз отбасыларына хабар келді ме, келмеді ме білмеймін. Түркістан қаласынан аттанған 36-шы атқыштар дивизиясының 358 атқыштар полкінің құрамында болғандар 1943 жылы қаза тауыпты. Олар Бахил Ибрагимов, Шәуілдірден Серғабаев, Айбеков және Созақ ауылнан 4-5 кісі біз барған Бауырластар зиратында жерленген. Біз Зенков қаласының әкімшілігіне хабарласып, 7 мәйітті таптық. Олар орталыққа әкеліп жерлеп, ол кісілерге бөлек мемориал ашты. Сол кісілердің арасында Ибрагим ағамыздың мәйіті жатқан болуы да мүмкін. Басына топырақ салдық, 9 мамырда өткен шеруге қатыстық, - деді Адрасилов.

Бүгінде Түркістан қаласында көзі тірі төрт ардагер бар. Атап айтқанда, Әбдіжаппар Дайрабаев, Немат Абдрасилов, Қорғанбай Мүбәраков, Фазыл Азимов. Жалпы, Түркістан қаласынан 18547 азамат соғысқа аттанған екен. Солардың 2584-і соғыстан қайтпай қаза тапқан. Төрт Кеңес одағының батыры шыққан. Ол кісілер Расул Есетов, Құрманбай Ырысбеков, Абдулла Үсенов, Файзулла Юлдашев.

Онлайн режимде өткен мерекелік акцияға Нұр-Сұлтан қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев та қатысты. Ол Ұлы Отан соғысы күрделі тақырып екенін атап өтті.

Біреуіміз Екінші дүниежүзілік соғыс дейміз, біреуіміз Ұлы Отан соғысы дейміз. Бұл күні кеше 75 жыл бұрын болған соғыс. Біз соғысқа қатысқан ағаларымыздың ортасында, соларды көріп өстік. Мектепте бастауыш сыныпта контузия алған Мағауия деген мұғаліміміз сабақ берді. Жалпы, Совет одағының батыры деген атақты алғандардың үлесі салмағы бізде. 100-ден астам Совет одағының батыры бар. Сондай-ақ, осы атаққа ұсынылып әртүрлі себеппен ала алмай қалған 100 шақты адам бар екен. Бұл соғыс жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде жақсы тетіктің бірі. Соғыстың зардабы мен соғысқа қатысқан азаматтардың тағдыры тарихнамада, қоғамда, біздің санамызда ұмытылмау керек, қарастырылып отыру керек. Бұл бір жағынан аза тұту күні, соғыс құрбандарын, соғысқа қатысқан аталарымызды еске түсіріп, дұға оқитын күн. Соғысты көрмеген азаматтар үшін осындай іс-шаралар көп болу керек, - деді Жамбыл Артықбаев.

Бұдан кейін онлайн шараға Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов те қатысты. Оның сөзінше, Түркістан қаласынан соғысқа кетіп, аман-есен оралғандардың саны 15690 адамды құрайды.

Бүгінгі іс-шараны онлайн тәсілде өткізіп жатқан университет ұжымына рахмет. Соғыстан аман қайтқан ардагерлер елге келіп, отбасылы болып, Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосты. Арамызда соғыста қаза тапқан бауырларын әлі де іздеп таба алмай жатқандар бар. Осыдан он жыл бұрын Ұлы Жеңістің 65 жылдығында үлкен команда құрып, соғыс даласында қалған солдаттарды іздеп Бауырластар зиратына барып қайттық. Соғыста 500-дей адам Кеңес одағының батыры атағын алса, соның 97-сі қазақ екен. Біздің Түркістан қаласынан 18 мыңнан аса адам соғысқа аттанды. Ол кезде Кентау қаласы Түркістаннаың қарамағында еді, 1955 жылы бөлінді. 18 мың сол есеп. Қазір Түркістан облысы бойынша 40 ҰОС ардагері ғана қалды. Соның әрқайсысына 1 миллион теңгеден, қала есебінің бюджетінен 300 мың теңге, тыл ардагерлеріне 30 мың теңгеден берілді. Коронавирус індеті болмағанда бұл мереке үлкен көлемде аталып өтер еді. Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын. Халқымыз, еліміз тыныштықта өмір сүрсін. Қазақ жастары өркендей берсін. Барша қазақстандықтарға, түркістандықтарға Жеңіс құтты болсын дегіміз келеді, - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Шарада "Zoom" бағдарламасы арқылы университетті бітірген түлектер, өзге мемлекеттен интернет арқылы тамашалап отырған серіктестер, әріптестер құттықтау жолдады.

Айта кетейік, Түркістан облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан 140 мыңдай адам аттанған. Соның жартысына жуығы қан майданнан оралған жоқ. Ал осыдан он жыл бұрын Шымкент қаласында соғыс ардагерлерінің құрметіне орнатылған ТМД аумағындағы ірі ескерткіш орнатылды. Даңқ мемориалының жалпы аумағы 2 гектар. Аумағы 20 мың шаршы метрді қамтыған тарихи кешенде оңтүстік өңірден сұрапыл соғысқа аттанған 140 000-нан астам есім тасқа қашалып жазылды. Сонымен қатар, кешеннің ортасына "Жұлдыз" ескерткіші орнатылып, айналасындағы гранит қабырғаға облыстан шыққан Кеңес Одағының 51 Батыры мен Даңқ орденінің 8 иегерінің есімі жазылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы