Жеңілмеген қазақ боксшысы титул үшін жұдырықтасу мүмкіндігінен айырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақ боксшысы Мадияр Әшкеевтің (13-0, 6 КО) 9 қараша күні АҚШ-тың Гавайан Гарденс қаласында өтетін жекпе-жегіне қарсыласы ауысып кетті. Бұл туралы Vesti.kz сайты хабарлады.

Бастапқыда қазақстандық 33 жастағы жергілікті боксшы Клеотис Пендарвиспен (21-5-2, 9 КО) WBC тұжырымы бойынша АҚШ чемпионы (USNBC) титулы үшін жұдырықтасу керек болатын. 

Енді BoxRec мәліметінше, Әшкеев мексикалық Фернандо Кастанедамен жекпе-жек өткізеді. Ол 26 кездесуінде жеңіп (17 нокаут), 13 рет жеңілген және бір рет тең түскен. Он раундқа есептелген жекпе-жекте қандайда бір титул сарапқа салынатыны туралы мәлімет жоқ.

Мадияр соңғы рет 5 шілде күні Алматыда жұдырықтасып, жетінші раундта украиналық Игорь Фаниянның (16-21-3, 8 КО) қабағы жарылғанына байланысты техникалық нокаутпен жеңген болатын.

Ал Кастанеда рингке 2019 жылдың ақпанынан шықпаған, мексикалық боксшы ол кезде багамалық Туреано Джонсонмен (21-2-1, 15 КО) тең түскен еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы