Жеңілдетілген салық кімге және неге жеңіл емес болып қалды? – Бибігүл Жексенбай түсіндірді
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жеңілдетілген салық жүйесіне енгізілген өзгерістердің мәнін түсіндірді. Үкіметтің мақсаты – шынайы шағын бизнесті қолдау, әділет орнату және ауыл кәсіпкерлерінің жағдайын жеңілдету. Бұл туралы сенатор Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жеңілдетілген салық режимі бастапқыда қолынан іс келетін, бірақ қалтасы жұқа кәсіпкерлерге арналған болатын. Үй маңындағы дүкен, шаштараз, шеберхана, шағын дәмхана сияқты нысандар осы жүйемен күн көріп келді.
Алайда уақыт өте келе бұл режимге ірі бизнес өкілдері де кіріп, «шағын кәсіп» мәртебесін пайдаланып келген.
Көтерме сауда, құрылыс, кеңес беру, IT – миллиардтар айналып жатқан салалар “шағын бизнес” атын жамылды. Алыптар кішкентайдың киімін киіп алғандай болды, – деп жазды сенатор.
Сол себепті Үкімет қазір «әркім өз орнында болсын» қағидасын ұстанып отыр. Жеңілдетілген салықты шын мәнінде шағын кәсіпке қайтару – басты мақсат.
Бибігүл Жексенбайдың сөзінше, жеңілдетілген салық тізімінен 1111 қызмет түрінің 795-і шығарылғанымен, бұл «бәрін жапты» дегенді білдірмейді. Кәсіпкерлердің шамамен 70 пайызы бұрынғысынша осы режимде қала береді.
Ұсақ дүкен, наубайхана, тігінші, кафешка – бәрі орнында. Ал 2000 шаршы метрден асқан дүкенге “шағын” деу қиын. Ондайлар – сауда орталығы, желілік бизнес. Сондықтан 2000 шаршы метр – жай сан емес, әділ шекара, – деді депутат.
Құрылыс саласында да айырмашылық бар: жол, көпір, мұнай құбыры салғандар жалпы салық режиміне өтеді, ал үй жөндеу, терезе орнату, сырлау, шатыр жабу сияқты тұрмыстық қызмет түрлері бұрынғыдай жеңілдетілген жүйеде қала береді.
IT және консалтинг бағытында табыс жоғары, тәуекел көп екенін айтқан сенатор бұл салада да әділдік қажет екенін атап өтті:
Кейде бір адам он миллиондап табыс табады да, салықты шаштаразбен бірдей төлейді. Ондай теңсіздік болмауы керек, – деді ол.
Бибігүл Жексенбай биылғы жыл өтпелі кезең екенін, ал жаңа ереже 2026 жылдан бастап күшіне енетінін айтты. Ауыл-аймақтағы сауда мен тұрмыстық қызмет бұрынғысынша жеңілдетілген режимде қала береді.
Елдің ырысы – жер, жердің берекесі – еңбек. Ауылдағы ағайын енді өз еңбегінің жемісін көбірек көруге мүмкіндік алады, – деді сенатор.
Шаруа қожалықтары мен фермерлер бұрынғыдай жеңілдетілген салық жүйесінде қалады, ал бірыңғай жер салығы олардың мойнындағы ауыртпалықты азайтады. Бұдан бөлек, ҚҚС жеңілдіктері мен тауарды тікелей сауда желілеріне өткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Фермер – нарық табады, дүкендер – тұрақты өнім алады, халық – арзан әрі сапалы асқа қол жеткізеді. Қысқасы, ауыл еңсесін тіктейді, – деп жазды ол.
Сондай-ақ, өңдеуші кәсіпорындар енді бұрынғыдай «оңай жолмен» емес, жауапты салық тәртібімен жұмыс істейді. Бірақ мемлекет бұл салаға қолдау тетіктерін ұсынып отыр: ҚҚС бойынша жеңілдіктер, жабдықты жаңарту шығындарын шегеру, «Бәйтерек» пен «Даму» арқылы жеңілдетілген қаржыландыру.
Халықпен тікелей жұмыс істейтін дүкендер, базарлар, дәмханалар мен дәріханалар бұрынғы қарапайым салық жүйесінде қала береді. Нәзік салалар – бала бақшалар, спорт және өнер үйірмелері, тіл курстары, стоматология мен дәрігерлік тәжірибе де жеңілдетілген жүйеде жұмысын жалғастырады.
Бұл қызмет түрлері әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан салық жеңілдігі – бұл жолы тек экономикалық емес, әлеуметтік қамқорлықтың белгісі, – деді Жексенбай.
Депутат шығармашылық бағыттардың да қолдаудан тыс қалмағанын атап өтті. Кино, музыка, дизайн, мәдениет және өнер салалары халыққа рухани азық беретіндіктен, олардың көбі жеңілдетілген жүйеде қала береді.
Бұл – мемлекеттен жастарға, өнер адамдарына жолданған сенім сигналы, – деді ол.
Сарапшылар бағаның 2-3 пайызға көтерілуі мүмкін екенін айтқанымен, Үкімет бұл әсерді азайту үшін бірнеше шара қабылдап отыр.
Атап айтқанда, айналымы 40 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлемейді, табысы 134 мың теңгеге дейінгі азаматтар жеке табыс салығынан босатылады, ал ескі көлік иелеріне жеңілдік салығы енгізіледі.
Жаңа салық жүйесі – тек есеп-қисап емес, еңбек пен кәсіпке, ауыл мен адамға құрметтің көрінісі. Бұл өзгеріс – жазалау емес, әділет орнату. Өйткені салықты бәрі адал төлесе, ауыртпалық ешкімге батпайды. Ал адал еңбек еткен адам – жеңілдіктің нағыз иесі болатын уақыт келді, – деп түйіндеді сенатор Бибігүл Жексенбай.