Жеңілдетілген қабылдауға қарсылық: Нидерланды Украинаның өтінішін неге тежеп тұр?
Нидерланды Украина мен Молдованы Еуропалық одаққа қабылдау процесін жеделдетуге қарсы екенін мәлімдеді. Бұл туралы елдің премьер-министрі Дик Схоф 2 қазанда Копенгагенде өткен Еуропалық саяси қоғамдастық саммитінен кейін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Еуропалық Кеңес төрағасы Антонио Коста ұсынған бастама Венгрияның ветосын айналып өтіп, келіссөздердің алғашқы блогын ашуды көздеген еді. Алайда Нидерланды бірауыздылық қағидасынан бас тартуға болмайды деп есептейді.
Украинаның болашағы – ЕО-да, бұған еш күмән жоқ. Бірақ біз үшін кіру рәсімінің тазалығы маңызды, – деді Дик Схоф.
Оның айтуынша, келіссөздерді жылдамдату Еуроодақтың қағидаларына қайшы келеді.
Схоф сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскийдің көңілі қалғанын түсінетінін жеткізді.
Зеленский үшін әр кідіріс ЕО-ның алыстап бара жатқанын білдіреді. Бірақ біз бұл ұстанымымызды түсіндіріп келеміз және алдағы уақытта да түсіндіреміз, – деді ол.
Бұған дейін ЕО дипломаттары Нидерландының келіссөз блоктарын ашуда бірауыздылықтан білікті көпшілік дауысқа көшуді қолдамайтынын растаған болатын.