Жеңілдетілген несие фермерлерге жетпей жатыр: Сенатор Үкіметке сауал жолдады
Сенатор Бекболат Орынбеков ауыл шаруашылығы саласында жеңілдетілген несие беру тетігінің іс жүзінде тиімді жұмыс істемей отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бұл ахуал аграрлық сектордың орнықты дамуына нақты қауіп төндіріп отыр.
Парламент депутаты депутаттық сауалында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тәртібін қайта қарау процесі тым баяу жүріп жатқанын және фермерлер күткен нәтижені бермегенін атап өтті. Соның салдарынан аграршылар қаржылық ауыртпалықты әлі де өз мойнына алып келеді. Сенатор мемлекет тарапынан субсидиялар бойынша қалыптасқан берешек 341,3 млрд теңгеге жеткенін, оның ішінде 152,2 млрд теңге пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге тиесілі екенін де алға тартты. Төлемдердің уақытында жүргізілмеуі фермерлерді несиені 20-22 пайыздық коммерциялық мөлшерлемемен өтеуге мәжбүрлеп, оларды қарыз шырмауына түсіріп отыр.
Сондай-ақ ол жеңілдетілген несиеге қол жеткізудегі теңсіздік мәселесіне де назар аударды. Екінші деңгейлі банктердің ауылдағы активтерді бағалау кезінде ұстанатын тым сақ саясаты мен кепіл мүлкіне қолданылатын төмендетілген коэффициенттер шағын және орта шаруашылықтардың қаржы тарту мүмкіндігін едәуір шектеп отыр.
Бұдан бөлек, Бекболат Орынбеков ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 75 пайыздан асып кеткенін және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның лизингтік бағдарламалары қазіргі инфляциялық ахуалға сай келмейтінін агросектордағы өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтті.
Осы мәселелер бойынша Үкіметтің ұстанымын білгіміз келеді. Субсидиялар бойынша берешекті өтеудің егжей-тегжейлі ай сайынғы кестесін ұсыну қарастырылған ба және фермерлердің шығындарын өтеудің құқықтық тетігі бар ма? «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие беру тетігін заңнамалық деңгейде бекіту мүмкіндігі қарастырыла ма? Ауылдағы жылжымайтын мүлік пен жер пайдалану құқығын әділ бағалайтын арнайы мемлекеттік институт құру немесе кепілдік қорларының мүмкіндіктерін кеңейту жоспарда бар ма? Инвестициялық субсидиялардың кемінде 50%-ын алдын ала төлеу тетігін енгізу мүмкін бе? Сондай-ақ Үкіметтің тек өндіріске ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жобалар үшін ұзақ мерзімді несие беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты ұстанымы қандай? - деп сұрады Бекболат Орынбеков.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мал өсіретіндерге арзан несие беріледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралған жиында белгілі болды.