Женевадағы келіссөз: Иран мен АҚШ мәмілеге келсе, мұнай бағасы 50-60 долларға төмендейді
Бүгін Женева қаласында Иран мен АҚШ арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кезекті келіссөз отырысы өтеді. Бұған дейін кездесудің алғашқы кезеңі Маскат қаласында өткен болатын. BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы, сарапшылармен кездесу туралы пікірлесті.
Бүгін Женева қаласында Иран мен АҚШ арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кезекті келіссөз отырысы өтеді. Бұған дейін кездесудің алғашқы кезеңі Маскат қаласында өткен болатын. BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы, сарапшылармен кездесу туралы пікірлесті.
Қазіргі уақытта Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Швейцарияға барып үлгерді. Кеше ол Игнацио Кассис, Бедр бин Хамед әл-Бусаиди және МАГАТЭ басшысымен кездесті. Ал бүгін АҚШ өкілдерімен келіссөз өтеді деп күтілуде.
Америкалық тараптан келіссөзге Дональд Трамп әкімшілігінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кәсіпкер Джаред Кушнер қатысады деп жоспарланған.
Негізгі келіспеушіліктер неде?
АҚШ тарапы Иранға төрт негізгі талап қойған:
- Уран байытуды толық тоқтату;
- Баллистикалық зымыран бағдарламасын шектеу және олардың ұшу қашықтығын қысқарту;
- Ливан, Йемен, Ирак және Сириядағы одақтас топтарды қаржыландыруды тоқтату;
- Израильдің тәуелсіздігін мойындау.
Алайда Иран бұл талаптардың көпшілігіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Тегеран тек ядролық бағдарлама мәселесі бойынша ғана келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Егер талаптар кеңейтілсе, келіссөздің мәні болмайтынын жеткізген.
Сонымен қатар Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеи Трамп әкімшілігімен тікелей келіссөз жүргізуге тыйым салған. Сондықтан қазіргі келіссөздер жанама форматта өтуде: тараптар бөлек бөлмеде отырып, делдал арқылы хат алмасу тәсілін қолданады. Делдал рөлін Оман Сыртқы істер министрі атқаруда.
Қайшылық қай тұста?
Ирантанушы Жәнібек Көпжасар АҚШ уран байытуды толық тоқтатуды талап етсе, Иран өз кезегінде уранды бейбіт мақсатта байыту құқығынан бас тартпайтынын айтып жүргенін алға тартады.
Тегеран ядролық қару жасау ниеті жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеді. Иран билігінің айтуынша, ядролық қару ислам қағидаттарына қайшы,- дейді.
Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілдері де АҚШ пен Иранның түпкі мақсаты бір екенін, яғни Иранда ядролық қару болмауы керектігін атап өтті. Алайда басты айырмашылық - байыту процесін толық тоқтату мәселесінде болып отыр.
Аймақтық қысым
Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Ирак, Түркия және Оман секілді бірқатар мемлекеттер АҚШ-ты Иранға қарсы әскери операциядан бас тартып, дипломатиялық жолды таңдауға шақырған. Осы жағдайдан кейін тараптар Маскатта алғашқы келіссөз отырысын өткізді.
Дональд Трамп келісімге бір ай ішінде келу қажет екенін айтқан болатын. Ирантанушының сөзінше, мұндай күрделі мәселе қысқа мерзімде шешілуі екіталай.
Соғыс қаупі бар ма?
Сарапшылар пікірінше, егер тараптар келісімге келе алмаса, аймақтағы шиеленіс күшеюі мүмкін. Себебі Израиль мен АҚШ барлау қызметтері Иран ядролық қару жасауға жақын қалды деген мәлімет таратқан. Ал Иран бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Израиль тарапы Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасап, толық жойылды деп мәлімдеген. Бірақ Ирандағы кей сарапшылар бұл нысандар жер астында орналасқандықтан, бомбалағаннан сол жер астында қалып қалды. Оны қайта іске асыру үшін көп қаражат керек деп пікір білдіруде, - дейді ирантанушы.
Егер тараптар келісімге келсе...
Егер тараптар келісімге келсе, бұл жаһандық мұнай нарығына тікелей әсер етеді. Сарапшылардың болжамынша, келісім жасалған жағдайда мұнай бағасы 50–60 доллар аралығына дейін төмендеуі мүмкін.
Бұл Қазақстан үшін тиімді емес. Өйткені еліміздің экономикасы мұнай бағасына тәуелді. Соңғы үш жылға арналған республикалық бюджетте мұнайдың базалық бағасы 60 доллар деңгейінде бекітілген. Егер баға осы межеден төмен түссе, бюджет кірісі азайып, экономикалық қиындықтар туындауы ықтимал, - деп болжайды сарапшы.
Сонымен қатар сарапшылар келісімге келу ықтималдығы төмен екенін атап өтеді.