Женевада Ауғанстан мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Женевада Ауғанстан бойынша халықаралық донорлық конференция өтті. Іс-шара халықаралық қауымдастықтың Ауғанстанда бейбітшілікке қол жеткізу және қайта қалпына келу үдерістеріне жәрдем көрсетуіне арналды.
Конференция жұмысына Ауғанстанның Президенті Мохаммад Ғани, Сыртқы істер министрі Мохаммад Атмар, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Дебора Лайонс, сондай-ақ 70-тен астам мемлекет пен 30 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.
Қазақстан Президентінің Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Талғат Қалиев аталған іс-шараға бейнеконференция форматында қатысты. Ол өз сөзінде Қазақстан жыл сайын қаржылық, техникалық және гуманитарлық көмек көрсету арқылы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерге өз үлесін қосуды жалғастырып отырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Т. Қалиев Дохадағы бейбіт ауғанаралық келіссөздердің маңыздылығын атап өтіп, тараптарды ымыраға келуге және қақтығысты тез арада шешу жолдарын табуға шақырды.
Қазақстан өкілінің мәлімдемесіне тоқтала отырып, конференцияның тең төрағасы – Ауғанстанның Сыртқы істер министрі М. Атмар «Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастықты тағатсыздана күтетінін» атап өтті.