Жемқорлықты әшкерелегендерге 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі
Қазақстанда пара беру немесе жемқорлық дерегі туралы хабарлаған азаматтарға 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы қарастырылған.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлаған азаматтар 17,3 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы ала алады. Оның мөлшері пара сомасына, келтірілген залалға және құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді. Алайда жемқорлық туралы хабарлау сыйақы алу үшін жеткіліксіз. ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ақшалай сыйақы қандай жағдайда берілетінін және кімдерге төленбейтінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жемқорлық туралы хабарлағандарға қанша сыйақы беріледі?
Егер пара сомасы немесе келтірілген залал мөлшері 1 000 АЕК-тен (4,325 млн теңге) асса, хабарлаушыға осы соманың 10 пайызы көлемінде сыйақы беріледі. 2026 жылы ең жоғары төлем мөлшері – 4 000 АЕК немесе 17,3 млн теңге.
Ал пара сомасы 1 000 АЕК-тен аспаса немесе келтірілген залал болмаса, сыйақы көлемі құқық бұзушылықтың санатына қарай белгіленеді.
Атап айтқанда:
-
Әкімшілік құқық бұзушылық үшін – 30 АЕК (129 750 теңге);
-
Онша ауыр емес қылмыс үшін – 40 АЕК (173 000 теңге);
-
Ауырлығы орташа қылмыс үшін – 50 АЕК (216 250 теңге);
-
Ауыр қылмыс үшін – 70 АЕК (302 750 теңге);
-
Аса ауыр қылмыс үшін – 100 АЕК (432 500 теңге) төленеді.
Сыйақы алу үшін не істеу керек?
Алдымен пара беру, пара талап ету немесе өзге де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы туралы тиісті органға хабарлау қажет. Ақшалай сыйақы алу үшін өтініш берушімен ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалуы тиіс.
Сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін өтініш қылмыстық істі тергеген немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаған органға беріледі. Ол үшін жеке куәлік пен теңгемен ашылған банктік шот туралы анықтама қажет.
Комиссия өтініш немесе қолдаухат түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды. Сыйақы беру мақұлданса, тиісті бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде ақша өтініш берушінің шотына аударылады.
Кімдерге сыйақы берілмейді?
Көрінеу жалған ақпарат бергендерге, құқық бұзушылықты жасағандарға және оған сыбайлас болғандарға ақшалай сыйақы төленбейді.
Сондай-ақ жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен құпия негізде ынтымақтасатын адамдарға да сыйақы берілмейді.
Ал қызметтік міндетіне байланысты сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге ақшалай сыйақының орнына грамота немесе алғыс жариялау түрінде көтермелеу қарастырылған.