Жемқорлықпен ұсталған ТЖМ басшылары тергелуде
ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарының басқа да жемқорлық деректеріне қатыстығы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі мәлім етті. Айтуларынша, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Биыл 21 шілдеде Астана қаласының ауданаралық тергеу соты ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатыстығы тексерілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, - делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, Төтенше жағдай қызметінің бірқатар басшылары 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейін пара алып келгені анықталды. Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Бұдан бөлек тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдікке ілінді.