25 Қараша 2026, 19:16 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жемқорлық жасаған адамның жазадан кейінгі өмірі қандай болады?

Жемқорлық қылмысымен сотталған адам жазасын өтегеннен кейін мемлекеттік қызметке қайта орала ала ма? Оның қандай құқықтары шектеледі? Қазақстан заңнамасы мұндай азаматтарға қандай талап қояды? BAQ.KZ тілшісі мәселені зерделеп көрді.

2026 жылғы ақпанда жарияланған Transparency International ұйымының Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 182 елдің ішінде 96-орынға жайғасты. Елдің көрсеткіші – 100 балдың 38-і. Бұл рейтинг мемлекеттік сектордағы жемқорлықтың қабылдану деңгейін бағалайды.

Жемқорлықпен күресте қылмысты анықтау мен кінәлілерді жауапқа тарту ғана емес, олардың жазасын өтегеннен кейінгі құқықтық мәртебесі де маңызды. Себебі қоғамда «Адам жазасын өтеп шықса, бұрынғы қызметіне қайта орала ала ма?» деген сұрақ жиі туындайды.

Жемқорлық үшін сотталғандарға қандай шектеу бар?

Қазақстан заңнамасында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға қатысты бірқатар шектеу қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 50-бабына сәйкес, сот белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындай алады. Бұл шектеу мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі белгілі бір лауазымдарға қатысты қолданылады.

Ал «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдауға жол берілмейтіні көрсетілген.

Яғни адам бас бостандығынан айыру жазасын өтеп, бостандыққа шыққанымен, бұл оның мемлекеттік қызметке қайта орналасуына мүмкіндік бермейді. Жазаның аяқталуы мемлекеттік қызметке қатысты заңнамалық шектеулерді автоматты түрде жоймайды.

Жемқорлық қылмысы үшін сотталған азаматтарға қатысты тағы бір маңызды шектеу бар. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі сотпен танылған азамат Президенттікке, Құрылтай мен мәслихат депутаттығына, әкімдікке және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарына кандидат бола алмайды.

Жемқорлықпен күрес қандай нәтиже беріп жатыр?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2025 жылы 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілген. Жемқорлық фактілері бойынша 1 052 қылмыстық іс қозғалып, 969 іс бойынша тергеу аяқталған. Оның 860-ы сотқа жолданған.

Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі пара алу және бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне қатысты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мемлекет бюджетіне 16,1 млрд теңге қайтарылып, құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынған.

Бұдан бөлек, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары да жалғасып жатыр.

Бас прокуратураның 2025 жылға арналған жыл сайынғы ақпаратына сәйкес, мемлекетке жалпы сомасы 1,076 трлн теңге болатын актив нақты қайтарылған. Оның 968,5 млрд теңгесі – ақша қаражаты, 107,7 млрд теңгесі мүлік түрінде қайтарылған.

Жемқорлық қылмысы үшін жауапкершіліктің мақсаты тек жазалау емес. Оның алдын алу, мемлекеттік қызметтегі адалдық қағидатын сақтау және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін қорғау да маңызды.

Сондықтан жемқорлық үшін сотталған адамның жазасын өтеп шығуы оның мемлекеттік қызметке қайта оралуына автоматты түрде жол ашпайды. Қазақстан заңнамасында мұндай азаматтарға қатысты нақты шектеулер бар.

Жемқорлық қылмысы үшін жауапкершіліктің мақсаты тек жазалау емес. Оның алдын алу, мемлекеттік қызметтегі адалдық қағидатын сақтау және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін қорғау да маңызды. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні зор. Өйткені заң алдында әр азаматтың жауапкершілігі бірдей, ал лауазымдық өкілеттігін жеке мүддесіне пайдалануға жол берілмеуі керек.

Сондықтан жемқорлық үшін сотталған адамның жазасын өтеп шығуы оның мемлекеттік қызметке қайта оралуына автоматты түрде жол ашпайды. Қазақстан заңнамасында мұндай азаматтарға қатысты нақты шектеулер бар. Бұл талаптар мемлекеттік басқарудағы ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғамның заңға деген сенімін нығайтуға бағытталған.