Жемқорлық үшін сотталған Бақытгүл Хаменованың жазасы жеңілдетілді
Хаменованың жазасы жеңілдетілді: Атырау сотының шешімі
Атырау облыстық соты сыбайлас жемқорлық үшін сотталған аймақ әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың жазасын жеңілдетті. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот мәліметінше, 16 наурызда Атырау қалалық №2 сотында Хаменоваға қатысты пробация қызметінің ұсынысы қаралған. Сот өкілдері түсіндіргендей, бұған 10 наурызға дейін күшінде болған жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімінің аяқталуы себеп болған.
Жазаны кейінге қалдыру кезеңінде сотталушы қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындаған, - деп хабарлады соттан.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырды. Хаменова жазасын бас бостандығынан айыру мекемесінде өтемейтін болды.
Бұрын тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.
Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың желтоқсанында Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жобасын іске асыру кезінде 4,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.
2022 жылдың қарашасында сот оны сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұған дейін, 2025 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Хаменованың той жиындарының бірінде жүрген фотосуреттері тарағаны хабарланған болатын. Бас прокуратура Бақытгүл Хаменованың тойға неге барғанын айтты.