Жемқорлық. Бес айда мемлекетке 630 млрд теңге өтелді

Бес ай ішінде мемлекетке 630 млрд теңгеге залал өтелді және заңсыз алынған активтер қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бес айдағы жұмысының барысында мемлекетке жалпы сомасы 630 млрд теңгеден астам залал өтелді және активтер қайтарылды. Бұл туралы комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек хабарлады. 

Қылмыстық істерді тергеп-тексерудің және монополиясыздандыру жұмыстарының шеңберінде мемлекетке шамамен 595 млрд теңге өтелді. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алыс шет елден шамамен 230 млн доллар сомаға зергерлік бұйымдарды қайтарып алды. Қадағалау актілері бойынша 5 млрд теңге сомасына 140 мың гектардан астам заңсыз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскелері қайтарылды. Атап айтқанда, Ақмола облысында прокурордың актілері бойынша мемлекет меншігіне 67 мың га жер беріледі, - деп хабарлады комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек.

Еске сала кетейік, Комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Оны ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов басқарды, оның құрамына құқық қорғау, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың бірінші басшылары кірді.

Бұрын олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған сот шешімдері ҚР Бас прокуратурасының наразылықтары бойынша қайта қаралуда 

Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Үкімет актілері мен сот шешімдерін, оның ішінде олигополиялардың пайдасына мемлекеттік активтерді жекешелендіру және иеліктен шығару туралы шешімдерді зерделеуді жалғастыруда. Атап айтқанда, сот актілерін зерделеу арқылы жекелеген жағдайларда шешімдер қаржы-өнеркәсіп топтарының пайдасына заңды бұза отырып шығарылғаны анықталды. Қазіргі уақытта Бас прокуратура Жоғарғы Сотқа олигополиялардың пайдасына өткен сот актілеріне шамамен 30 млрд теңге сомасына 23 наразылық енгізді, - деп хабарлады Зейін Әліпбек.

Соттар 16 наразылықты қанағаттандырды, олардың арасында мұнай терминалы мен жер учаскелерін, сондай-ақ 15 млрд теңгеден астам сомаға екінші деңгейдегі банкпен дау бойынша наразылықтар бар.

Олигархиялық топтардың бақылауындағы компаниялардың пайдасына шығарылған соттардың шешімдерін қайта қарау туралы 7 наразылық қаралып жатыр, - деп нақтылады Әліпбек.

Олигополиялардың өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ерекше бақылауға алынды 

 Комиссия қызметі шеңберінде қылмыстық қудалау органдары олигополиялар өкілдерінің құқық бұзушылықтар жасауға қатысы бар-жоғына талдамалық, жедел және тергеп-тексеру іс-шараларын жүргізуде, - деп хабарлады комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек. 

Прокурорлық тексеріс нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органдары әртүрлі теріс пайдалану, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Көлік-логистикалық компанияның Қытаймен шекарадағы кеден бекетінде тауарларды тасымалдау нарығын монополиялағаны анықталды. Өзінің жағдайын пайдалана отырып, картельдік келісім жасасу арқылы ол қызметтерге жоғары баға белгілеп, 4,3 млрд теңге сомасына монополиялық табыс алған. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 221-бабы (монополиялық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТрансГаз» АҚ қызметіндегі бұзушылықтар туралы тергеп-тексеріп жатқан қылмыстық іс шеңберінде құны 55 млрд теңге болатын 2 объекті мемлекеттік меншікке қабылданды. Бұл – Атырау облысындағы газ өңдеу зауыты және Астана қаласындағы «Болашақ» бизнес-орталығының ғимараты, - деп хабарлады Зейін Әліпбек.

Олигополиямен күрес: активтерді төмен бағамен сатып алу фактілері анықталды

Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия сонымен қатар олигополияның меншігіне берілген объектілерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және мемлекетке қайтару бойынша жұмыстарды жүргізуде, - деп хабарлады комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек 

Заңсыз иеліктен шығарылған объектілерді, берілген жер учаскелерін қайтару туралы 13 талап қою енгізілді. Алматы қаласының халықаралық әуежайында сауда дүкендерінің, барлар мен мейрамханалардың аймағын заңсыз сату фактісі анықталды. Олар 2003 жылы Алматы қаласының әкімі Храпуновтың жеке компанияға 333,7 млн теңге сомасында жоқ берешекті өтеу есебінен заңсыз берілгені анықталды. Прокуратура әуежай терминалының 1601,1 ш.м. үй-жайларына қатысты құқық белгілейтін құжаттарды заңсыз деп тану туралы сотқа талап қою берді, - деп хабарлады Зейін Әліпбек.

Соттар прокуратураның Алматы қаласындағы «Барыс-4» көтерме сауда нарығының үлесін сату және елордалық «Шапағат» коммуналдық нарығын жекешелендіру жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюларын қанағаттандырды. Сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін бұл объектілер мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.

Кейбір басқа жекешелендірілген объектілер бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру жалғасуда. 

10 млрд теңгеден астам сомаға мүлікті мемлекетке қайтару туралы прокуратураның тағы 10 талап қоюы соттардың қарауында жатыр, - деп хабарлады Зейін Әліпбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы