Жемқорлардан қайтарылған ақша мектеп салуға жұмсалып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық педагогтер съезіндегі баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Адам капиталы – ең басты байлық. Халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді деп жоспарланып отыр, - деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз,  - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент жаңа мектептерді салу туралы айтты. 

Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы