Жемқорларды қылмыстық жауапкершілікке емес, әкімшілік жазаға тарту керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн баспасөз мәслихаты кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.

Мемлекеттік билік органдарының, оның ішінде құқық қорғау органдарының әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және қылмысты ашу жөніндегі жұмысты сапалы орындауы сыбайлас жемқорлық сияқты неғұрлым қауіпті қылмыс түрлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді қызметтің жақсы нәтижеге қол жеткізуіне ықпал етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің шетелдік тәжірибесіне сүйенсек, түрлі елдердің мемлекеттік заңнамаларында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілейтін нормалардың белсенді дамығанын, алдын алу шараларының қылмыстық жауапкершілік шараларынан басым екендігін көреміз. Мысалы, француз заңнамасында қылмыстық жауапкершілік шараларына емес, әкімшілік шараларға көп көңіл бөлінген. Латвияда жемқорларды қылмыстық жауапкершілікке тарту статистикасы әкімшілік жаза беруге қарағанда 10 есе аз, - деді спикер.

Оның айтуынша, 2020 жылы Латвияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы (KNAB) сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық сотқа 23 адамды берген, ал лауазымды тұлғаларға қатысты қозғалған әкімшілік істердің саны 230 мың еуро айыппұл сомасымен 222 адамды құрайды. Олжас Бектенов жемқорларға қылмыстық жауапкершілікке емес, әкімшілік жауапкершілікке тартудың дұрыс жол екеніне сенімді.

Ұсақ құқық бұзушылықтардың уақытылы жолын кесу арқылы ұстау және қамауға алу, тінту, мемлекетке залал келтіру сияқты жағымсыз сәттерді, сондай-ақ әшкереленген адамдар үшін кейінгі теріс салдардың алдын алуға болады. Сонымен бірге, таразы басына жемқорлық үшін сотталған адамның мансабы мен алдағы тағдыры ғана емес, оның туған-туыстарының тағдыры да түседі. Сотталған жемқордың тікелей басшысы да лауазымынан босатуға дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылады, - деді ол.
Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы