Жеміс-жидектен озық технологияға дейін: Астанада ауқымды көрме басталды

Астанада Қытай тауарларының 19-шы көрмесі басталды. Мұндай көрме елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көрмеге Қытайдың түкпір-түкпірінен 300-ден астам қытайлық компания қатысып жатыр.

Көрмеге озық технологиялардан бастап халық тұтынатын тауарларға дейін қойылған.

Көрмеде ауылшаруашылық машиналары, металл бұйымдары мен құрылыс материалдары, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық техника мен электроника және т.б. қоса алғанда, әртүрлі үлгідегі өнімдер қойылған.

Көрме аумағы 5000 шаршы метр. Оған қытайлық Цзянсу, Чжэцзян, Фуцзян, Шаньдун, Хэнань, Шэньси, Синьцзян және басқа да провинциялар, автономиялық аудандар мен муниципалитеттерден 230-ға жуық кәсіпорын тіркелген.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев көрме 2003 жылдан бері елдеріміздің экономикалық өміріндегі маңызды оқиғаға айналғанын атап өтті.

Бұл көрмеге Қытайдан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Чжэцзян, Цзянсу, Шаньдун, Гуандун сияқты провинциялар, сондай-ақ Шанхай, Тяньцзинь қалалары мен басқа да компанияларының атынан 250-ге жуық кәсіпорын қатысып жатыр. Бұл аймақтар озық өндірістік мүмкіндіктерімен, инновацияларымен және жоғары сапа стандарттарымен танымал. Ұсынылған компаниялардың әрқайсысы тоқыма, электроника, машина жасау немесе тұтыну тауарлары болсын, өз саласының дамуында шешуші рөл атқарады. Қытаймен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі бірқатар қазақстандық компанияның да көрмеге қатысып жатқаны қуантады. Біз Қазақстанның Қытай бизнесі үшін сенімді серіктес болып қала беретінін мақтан тұтамыз, - деді вице-министр көрменің ашылуына жолдаған видеоүндеуінде.

Төребаев мұндай алаңдар екіжақты сауданы орнатуға және экономикалық байланыстарды нығайтуға тамаша мүмкіндік екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо да көрме жұмысын жоғары бағалады. Сөзінше, мұндай жиындар екіжақты сауда байланысын нығайтуға септігін тигізеді.

Бұл – екі елдің бизнесі үшін өте мағызды оқиға. Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніме 6 жыл болса да, осындай көрмеге алғаш рет қатысып отырмын. Өйткені мұндай іс-шара Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін мұндай көрмелер үнемі Алматыда өткізілетін. Көрменің ауқымы мен келушілер саны таңғалдырарлық. Қонақтардың жоғары қызығушылығын байқауға болады. Көрмеге Қытайдың көптеген өңірінен әртүрлі компаниялар қатысып жатыр. Бұл өңірдің барлығының экономикасы дамыған және көбінің Қазақстанмен байланысы бар. Бүгін көріп отырғандарыңыздай, көрмеде электроника шығаратын, машина жасаумен айналысатын компаниялар бар. Әрине көрме екі елдің экономикасына жаңа импульс береді деп сенеміз, - деп айтты Қытай елшісі.

Ол көрмені аралаған кезде өнімдердің дәмін татқанын және ол барлығына ұнағанын айтты.

Жаңа айтқанымдай, Қазақстанда қызмет етіп жүргеніме 6 жылдай болды. Қазақтың тағамдарын жеп көргенмін. Маған қатты ұнайды. Бәрі дәмді. Бірақ қазақ тағамдары қытай дәміне ұқсас екенін айтқым келеді. Бауырсақ, ет ұнайды. Жалпы Қазақстанда бағаланатын барлық тағам маған да ұнайды, - деді Чжан Сяо.

Көрменің ашылу салтанатында Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі жанындағы Сыртқы сауданы дамыту басқармасы ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Көрмеге қатысуға Қазақстанның түрлі облыстары мен қалаларының кәсіпорындары да тіркелген. Көрме барысында қытайлық және шетелдік кәсіпорындар үшін B2B байланыс сессиялары және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Онда екі жақтың кәсіпкерлері ақпарат алмасу үшін бетпе-бет кездесіп, іскерлік келіссөздер жүргізе алады, тауарларын сатып алып, өз өнімдерін жарнамалауға мүмкіндік алады.

Іс-шара қазақстандық және қытайлық бизнес өкілдері арасында жаңа іскерлік байланыстар орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ.

Көрме 25 тамызға дейін жалғасатынын айта кетейік.

Еске сала кетейік, Қазақстан Шанхайдағы Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысады. Соңғы 6 жылда Қазақстан бұл көрмеге 163 қазақстандық компания қатыса алды. Бұл платформа қазақстандық кәсіпкерлерге 323 миллион доллардан асатын экспорттық келісімшарттар жасауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Үрімжідегі ЭКСПО-Қытай Еуразия халықаралық көрмесіне 80-нен астам қазақстандық компания қатысып, 80 миллион долларға экспорттық келісімшарттарға да қол қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы