Жем-шөп тасымалдауға берілген жеңілдіктің арқасында 648 млн теңге үнемделді - әкім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
Маңғыстау облысында қысқы мал азығының қорын қалыптастыру үшін 77 мың тонна шөп пен 53 мың тонна жем қажет. Бүгінде өңірге 70 мың тонна шөп пен 41 мың тонна жем тасымалданды. Барлық ауданда жем-шөп жинау базалары жасақталды, -деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Оның айтуынша, биыл қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетілді.
Атап айтқанда, Үкіметінің қорынан ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 6 776 жеке қосалқы үй шаруа қожалығы мен 733 шаруа қожалығына қаржылай көмек көрсетілді, -деді Н.Ноғаев.
Ноғавтың мәлімдеуінше, Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен 2,1 млрд. теңге қайтарымды қаражат бөлініп, 14 900 тонна шөп және 9 900 тонна жем сатып алынған. Мал азығы шаруаларға нарықтан 10-15% төмен бағада ұсынылуда. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.
Президент тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы арқылы жем-шөпті тасымалдау құнына 75 пайыздық жеңілдік берілді. Ауыл шаруашылығы операторлары 800 млн теңге орнына 152 млн теңге төледі, - деді Нұрлан Ноғаев.