Жемқорларға кісен салып, темірторға қамай беруді мақсат тұтпаймыз – Арман Бердалин 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабы жетекшісінің орынбасары Арман Бердалин штабтың жұмысы туралы таныстырып өтті. 

Біздің агенттік жемқорлардың қолына кісен салып, темірторға тоғыта беруді мақсат тұтпайды. Негізгі ұстанымымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» болғандықтан, оның бірден-бір құралы ақпараттық-ағартушылықпен айналысу. Әрбір адамға ой саларлық дүние айтуымыз керек. Қазақта «алдынан өту» деген бар. Сондықтан барлық мемлекеттік қызметкерлерге «параны алмаңыздар да, бермеңіздер де» деп айтуымыз міндет. Оның ішінде басшысы да, қосшысы да бар. Егер ескерту тоқтамаса, «өз обалдары өздеріне». Заңның алдында параны берген шенеунік қана емес, берген қарапайым адам да жауапқа тартылатынын еске саламыз. Екі жаққа да бірдей айтып отырмыз. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей ғой. Агенттіктің дер кезінде қолға алып отырған жұмысы деп айтуға болады, - дейді Бердалин.

Ақпараттық-ағартушылық штабы пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпаған. Онлайн түрде насихат жұмыстарын жалғастырған.
Елге есті сөз айта алатын азаматтарға үндеу тастаған болатынбыз. Қазіргі кезде агенттік айналасына белгілі қоғам өкілдері тартылып жатыр. Жүгімізді бөлісіп, ауырын көтерісіп жатыр. Алаштың аяулысы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бастаған, жазушы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов қостаған азаматтар осы ағартушылықпен айналысып жатыр. Ал штаб жетекшісі болып агенттік басшысы Алик Шпекбаевтың бұйрығымен этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада тағайындалған болатын. Жоғары деңгейде ұйымдастыру қабілеті бар. Пандемия кезінде онлайн интернет арқылы ағартушылық жұмыс тоқтап жатқан жоқ, - дейді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы