27 Қараша 2026, 17:28 Фото: depositphotos.com

Желтоқсанда Қазақстанда ауа райы қандай болады? Болжам

Желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Ал жауын-шашын мөлшері ел аумағында норма шамасында болжанып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ның 2026 жылғы желтоқсанға арналған ауа райы бюллетенінде хабарланды.

Синоптиктердің болжамынша, республиканың басым бөлігінде және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында орташа айлық ауа температурасы -5…-13 градус аралығында болады. Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында ауа температурасы -17 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Ал елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде орташа айлық температура -4 градустан +3 градусқа дейін болады.

Желтоқсанда ауа температурасы Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Жетісу облысының шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында климаттық нормаға жуық болады.

Желтоқсанның климаттық ерекшелігі

Көпжылдық деректерге сәйкес, желтоқсанда Қазақстанда түн ұзарып, күн қысқарады. Ауа температурасы біртіндеп төмендейді.

Каспий теңізінің шығыс жағалауында орташа айлық температура +1 градусқа дейін оң мәнде сақталуы мүмкін. Ал елдің қалған бөлігінде оңтүстік-батыс пен оңтүстіктегі 0…-5 градустан солтүстік пен шығыста -13…-18 градусқа дейін төмендейді. Ең суық орташа айлық температура Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында байқалады. Мұнда көрсеткіш -20…-24 градусқа жетеді.

Желтоқсанда жауын-шашын мөлшері Қазақстанның солтүстік жартысында қарашамен салыстырғанда азайып, оңтүстік бөлігінде керісінше көбейеді. Ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері 10-24 миллиметр, батыста 32 миллиметрге дейін болады. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың тау бөктерінде 25-50 миллиметр, ал осы өңірлердің таулы аудандарында 51-200 миллиметр жауын-шашын түсуі мүмкін.

Солтүстік өңірлерде жауын-шашын негізінен қар түрінде түседі. Ал оңтүстікте жаңбыр айына 1-4 рет, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын 1-3 рет болуы мүмкін.

Ай соңына қарай солтүстік облыстарда, оңтүстік-шығыстың тау бөктерінде және оңтүстіктің таулы аудандарында қар жамылғысының биіктігі 10-20 сантиметрге жетеді. Шығыстың таулы аймақтарында бұл көрсеткіш 25-66 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін. Ал Маңғыстау облысының оңтүстігінде қар жамылғысы қалыптаспайды.

Сондай-ақ солтүстік өңірлерде боран мен қатты жел айына орта есеппен 4-9 күн байқалады. Жекелеген аудандарда бұл көрсеткіш 10-14 күнге жетуі мүмкін. Қазақстан аумағында тұман орта есеппен 3-8 күн, таулы аудандарда 14 күнге дейін болады. Көктайғақ оңтүстік өңірлерде айына орта есеппен 1-2 күн байқалады.