Желтоқсан айында халық күніне кем дегенде 30 млн доллар сатып алған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова хабарлады. Оның айтуынша, желтоқсанда валюта нарығындағы белсенділік күрт өскен.
Мұндай жағдай кәсіпорындар мен халық сұранысының өсуіне байланысты орын алған.
Жылдың соңына таман компанияларда бюджетті игерудің, төлемдерді жүзеге асырудың белсенді кезеңі орын алды. Бұл импортқа, тиісінше, шетел валютасына сұранысты қолдады. Біздің есептеуіміз бойынша, желтоқсанда халық тарапынан қолма-қол шетел валютасына сұраныс күн сайын кемінде 30 млн долларды құрады, - деді Әлия Молдабекова.
Сонымен қатар желтоқсанның жекелеген күндерінде валюта нарығындағы ахуал жоғары сұраныспен және өте шектеулі ұсыныспен сипатталған.
Желтоқсанның басында Ұлттық Банк тарапынан интервенция жүргізді. Себебі 2-3 желтоқсанда бейрезиденттер тарапынан айтарлықтай сұраныс артты. Соның шеңберінде интервенция валюта нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін жасалды. Сондай-ақ желтоқсанның соңғы күні жеке және заңды тұлғалар тарапынан сұраныс пен шетел валютасын сатушылардың іс жүзінде болмауы себепті теңгені тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмауды мақсат тұттық. Жалпы, Ұлттық банктің 2021 жылғы желтоқсандағы интервенцияларының көлемі 252 млн АҚШ долларын құрады, - деп отыр Ұлттық банк өкілі.