Желмая. Жаңа Қазақстан ескі кадрлармен құрыла ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл пікірді «Желмая» жобасының кезекті қонағы болған Qazaqstan Team Республикалық қоғамдық жастар ұйымының жетекшісі Олжас Сүлейменов айтты.
Ұлттық құрылтайда Президентіміз осы сұраққа тоқталып кетті. Жалпақ тілмен айтқанда, оның жауабын алған кезде қолымыз жетпей жүрген жерімізді қасып бергендей болды. Бұл мәселеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадрларды бірден ауыстыруға болмайтынын айтты. Десе де, ел басшысы бұл сұрақтың орынды екенін атап өтті. Сондай-ақ Құрылтайда әлеуметтік желіде жиі қозғалып жүрген тақырыптардың біразы айтылды, - деді Олжас Сүлейменов.
Сондай-ақ спикер еліміздің жастары мен аға буынның арасындағы алшақтықтың неден туындап отырғанын түсіндірді.
Өзім жастар арасында жүргеннен кейін аға буын, ақсақалдар және жастардың арасындағы сабақтастықтың жоғалып жатқанын көріп қынжыламын. Жалпы, технология дамып жатқаннан кейін адамдар бір-бірінен алыстап жатыр. Бұрын ауылда тұрған кезде біз тек ата-анамыздың емес, ауыл ақсақалдары мен ағаларымыздың тәрбиесін көріп өстік. Тіпті көршіміздің үйіне емін-еркін бара беретінбіз. Қазір әлеуметтік желі арқылы араласқандай боласың, алайда шынайы тілдесу азайып барады, - деді Qazaqstan Team Республикалық қоғамдық жастар ұйымының жетекшісі.