Желіде танылған бизнес: Мемлекеттік қызметтен кеткен жас қыз ауылда кофехана ашты

Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауылында заманауи форматтағы шағын кофехана ашқан Әсем Шукатова мемлекеттік қызметтен кетіп, туған жерінде өз ісін бастауды таңдаған. Ол бұл жобаны жай ғана бизнес емес, ауыл тұрғындары үшін жылы әрі жайлы кездесу орны болсын деген ниетпен қолға алған. BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол өмір жолын, кәсіп ашуға қалай бел буғанын, алғашқы қиындықтар мен бүгінгі жағдайды және алдағы жоспарларын баяндап берді.

Бұл жоба — тек кәсіп емес, ауыл тұрғындары үшін жайлы кездесу орны болсын деген ниеттен туған бастама, — дейді Әсем Шукатова.

«Мен үйдің кенжесімін»: өмір жолы мен білімі

Әсем Шукатова 1995 жылдың 17 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.

Отбасымызда бес ағайындымыз: екі ағам, екі апам бар, мен — үйдің кенжесімін. Ағаларым мен апаларымның барлығы өз отбасыларымен бөлек тұрады. Қазіргі таңда тұрмыс құрмағанмын, жасым толық 31-де. Анам 2021 жылы, әкем 2008 жылы дүниеден өтті, - деп бастады кейіпкеріміз сөзін.

Ол ауылдағы Қадыр Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте тәмамдаған. Кейін 2012-2016 жылдары Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша оқыған.

Мектеп кезінен бірнеше спорт түрімен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүрдім. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте жұмыс істегенде мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық спартакиаданың жүлдегері атандым, - дейді Әсем.

«Неге осындай орынды өз ауылымда ашпасқа?»

2024 жылы Бөрлі ауданының Ақсай қаласында мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген кезімде, жаз мезгілінде саябаққа серуендеуге жиі шығатынмын. Бір күні саябақ ішінде орналасқан шағын ғана ғимараттан адамдардың қолдарына түрлі сусындар ұстап шығып жатқанын байқадым. Қызығып, ішіне кіріп көргенімде, кішкентай ғана бұрышта коктейльдер, лимонадтар дайындалып, сатылып жатқанын көрдім. Сол жерде алғаш рет bubble tea ішіп көрдім. Оның ерекше дәмі маған қатты ұнады. Сол сәтте-ақ неге осындай орынды өз ауылымда ашпасқа деген ой келді.

Адамдар серуендеп жүргенде, балалар ойнап жүргенде тынығып, шөлін басатын жайлы бір орын болса деген арман пайда болды. Бұл ой Жымпиты ауылына келген сайын тіпті күшейе түсті. Құрбыларымызбен бас қосып, кофе ішкенді ұнататынбыз, алайда ауылда сапалы кофе ішіп, еркін отырып әңгімелесетін жайлы орынның жетіспейтіні анық сезілетін.

Сонымен қатар, Жымпитыда кофе негізінен жанар-жағармай бекеттерінде және бір-екі кафеде ғана бар. Алайда бұл орындарда көбіне автоматты кофемашиналар қолданылады. Ол жерлерге бару үшін көбіне көлік қажет, ал жаяу жүретін тұрғындар, балалармен серуендеп жүрген ата-аналар мен жастар үшін бұл әрдайым ыңғайлы емес.

Осы себептердің барлығы мені туған ауылымда жаяу да, көлікпен де оңай жетуге болатын, адамдар демалып, бас қосып, сапалы кофе, лимонадтар мен bubble tea сияқты сусындардан ләззат алатын шағын әрі жылы атмосферасы бар кофехана ашу идеясына алып келді.

«Бұл жоба — тек кәсіп емес, ауыл тұрғындары үшін жайлы кездесу орны болсын деген ниеттен туған бастама».

«Алғашында күмән болды, бірақ мүмкіндікке сендім»

Әрине, басында ондай ой болғанын жасырмаймын. Ауылда кофе мәдениеті қаладағыдай дамымағандықтан, халық қабылдай ма, сұраныс бола ма деген күмән болды. Бірақ мен қорқынышқа емес, мүмкіндікке көбірек қарадым, - дейді Әсем Шукатова.

Жымпитыда сапалы, жайлы, заманауи кофехана жоқтың қасы екенін көрдім, сондықтан адамдарға жаңа формат ұсынғым келді. Уақыт өте келе ауыл тұрғындары да дәмді кофе, жылы атмосфера, әдемі орын бар екенін түсініп, үйреніп келеді.

Ғимарат іздеу және алғашқы нақты қадам

2024 жылдың тамыз айында Жымпиты ауылына Орал қаласынан кәсіпкерлік саласында кеңес беру мақсатында ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларының, сондай-ақ жеңілдетілген несие ұсынатын ұйымдардың өкілдері келді. Сол күні мен кеңес алып, қандай мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылай қолдау түрлері бар екенін егжей-тегжейлі білдім. Кездесу барысында ең алдымен кәсіпті бастау үшін тиісті ғимараттың қажет екені айтылды.

Осыдан кейін ауылға келесі сапарымда құрбыларыммен бірге бос тұрған ғимараттарды аралай бастадық. Көптеген нысандардың бағасы қаржы жағынан қолжетімсіз болды. Сол кезде қазіргі кофехана орналасқан ғимаратқа кезігіп қалдық. Ғимараттың иесін тауып, келіссөз жүргізіп, 2024 жылдың қазан айында оны сатып алуға бел будым. Бұл нысан шамамен 10 жыл бұрын салынған, алайда сол күйі черновой нұсқада қалып, сырты мен айналасын ағаш басып кеткен еді.

Ең алдымен ауыл ішінде жаяу да, көлікпен де оңай жетуге болатын, адамдарға қолайлы орынды таңдадық.

«Бұл кезеңді мен дайындық уақыты деп санадым»

Ғимаратты сатып алғаннан кейін кәсіпкерлікке арналған жеңілдетілген несиеге 2025 жылдың басында тапсырамын деп жоспарладым. Сол себепті Ақсай қаласындағы жұмысымды жылдың соңына дейін аяқтау үшін қайта оралдым. Бұл кезеңді мен дайындық уақыты ретінде пайдаландым.

Жұмыс істей жүріп, болашақ кофехананың тұжырымдамасын біртіндеп қалыптастырдым: атауын ойластырдым, логотипін жоспарладым, интерьер стилін елестеттім және мәзірде қандай сусындар болатынын қағазға түсіріп жүрдім. Әр детальді алдын ала ойластыруға тырыстым, себебі кофехана тек сусын сататын орын емес, адамдар қайта-қайта келгісі келетін жайлы кеңістік болу керек деп есептедім.

«4,1 млн теңге несие алып, кофехананы іске қостым»

Ғимаратты сатып алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жиһаз алу үшін бастапқыда өз қаражатымды жұмсадым. Ал кофехананы толық іске қосу үшін 2025 жылдың мамыр айында жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге құжаттарымды тапсырдым. Нәтижесінде 2025 жылдың қыркүйек-қазан айларында 4,1 млн теңге көлемінде несие алдым.

Несие қаржысына кофемашина, кофемолка, тоңазытқыштар, аппараттар және жиһаздың бір бөлігін алдым.

Несие рәсімделгенге дейінгі кезеңде кофехананың жөндеу жұмыстарын біртіндеп өзім және ағам бірге жүргіздік. Көптеген жұмыстар қаржыға тірелгендіктен, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, процесті тоқтатпай алға жылжытуға тырыстық.

«8 жыл мемлекеттік қызметте істедім, бірақ ішкі шаршау пайда болды»

Университетті аяқтаған 2016 жылы Жымпиты ауылына келіп, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік мекемелерде, кейіннен мемлекеттік қызметке орналасып, 8 жыл қызмет атқардым. Оның ішінде бірнеше жыл Сырым ауданының әкімі аппаратында, соңғы 2 жыл Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында дене шынықтыру және спорт бөлімінде жұмыс жасадым.

Мен өзімді әрдайым жауапкершілігі жоғары, тапсырманы соңына дейін жеткізетін орындаушы ретінде сезінемін. Өз жұмысым жеткілікті болса да, өзгелердің шаруасын да тезірек бітіріп беруге тырысамын. Уақыттың тығыздығына қарамастан, ешкімнің көңілін қалдырмай, барлық істі қатар алып жүруді әдетке айналдырдым. Алайда сол қарбаласта өз жұмысымды көбіне ең соңына қалдырып, уақыт тақалғанда ғана кірісетінмін.

Бұрын Сырым ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары бөлімінде қызмет атқарған кезім — мен үшін ерекше кезең болды. Ол жұмыс маған шын мәнінде ұнайтын, тіпті «өз орнымды таптым» деп ойлайтынмын. Кейін кадр бөліміне, одан соң Ақсай қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне ауыстым.

Бәлкім, тапсырмалардың көптігінен болар, бәлкім, бар жауапкершілікті өз мойныма алып үйреніп кеткендіктен шығар, уақыт өте келе ішкі шаршау сезімі байқала бастады. Сол кезеңде алғаш рет «мүмкін, енді өзіме жұмыс жасап көрермін» деген ой келді.

Кофехана қалай жұмыс істеп жатыр?

Кофехана 2025 жылдың 21 қарашасында Жымпиты ауылында нәзік жандыларға арналған іскер әйелдер форумы аясында ашылды.

Әрине, кез келген бизнестің алғашқы күндерінде адамдардың қызығушылығы жоғары болады, бізде де солай болды. Алғашқы екі апта бойы келушілер өте көп болды. Кейін уақыт өте келе жұмыс тұрақталып, өз тұрақты клиенттеріміз қалыптасты. Қазір орта есеппен күніне шамамен 30-40 адам келіп кетеді, кей күндері одан да көп болуы мүмкін. Әрине, кей кездері тыныш, бос уақыттар да болады. Ондай сәттерді тиімді пайдалануға тырысамын: шикізатқа тапсырыс беремін, тазалық жұмыстарын жүргіземін, кофехананың ішкі шаруаларын реттеймін және әлеуметтік желіні жүргізуге тырысамын, - дейді жас кәсіпкер.

Жымпиты ауылы — күнбатыс Алашорда үкіметінің астанасы болған, ақын Қадыр Мырзалиевтің, батыр Сырым Датұлы дүниеге келген қасиетті мекен. Сырым ауданында 16 800-ге жуық халық болса, аудан орталығы Жымпиты ауылында 6 095 адам тұрады. Жымпиты ауылы — республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолы бойында орналасқан.

Threads-тағы жазба және күтпеген танымалдық

Әлеуметтік желілерде өзімді өте белсендімін деп айта алмаймын. Дегенмен қазіргі заманда әлеуметтік желі — кез келген кәсіп үшін маңызды құрал екенін түсінемін. Сондықтан оны өз жұмысымның бір бөлігі ретінде қабылдаймын.

Ал Threads-тағы жағдай тіпті қызық болды. Сол жазбаға дейін Threads платформасын дұрыс пайдаланбаған екенмін: жазба қалдырамын, бірақ ешкім лүпіл де баспайды. Кейін байқасам, аккаунтым жабық болып шықты. Аккаунтты ашқан соң, кофеханам туралы бір жазба қалдырдым да, өз жұмысыммен айналысып, кофе дайындауға кірістім.

Сол сәтте құрбыларым мен туыстарым хабарласып, «Әсем, Threads-ті қарашы» деп айта бастады. Қарасам, жазбам көп адамның назарына ілігіп, кең таралып кеткен екен. Бұл жағдай маған әлеуметтік желідегі шынайылық пен дұрыс қолданудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті әрі кофеханамның танылуына үлкен серпін берді.

Арнайы тапсырыспен кәсіби жарнама жасап көрмедім. Тек жергілікті ауылдағы блогерлер өз бастамаларымен кофехананы әлеуметтік желілерінде жариялаған болатын.

Ашылған сәттен бастап осылай танымал болып кетеді деп мүлдем ойламаппын — бәрі табиғи түрде, адамдардың шынайы пікірлері арқылы тарады.

Иә, сол жазбаны көріп арнайы келгендер біршама болды. Алыста жүрген ауылымыздың тумалары жаңа жылда елге оралғанда «Threads-тен көрдік» деп келіп жатты. Тіпті, ештеңе айтпай келіп-кеткендер де болды. Кейіннен кейбір кісілердің «Threads-та танымал болған ауылдағы кофеханаға бардық» деп жазған пікірлерін көріп, ерекше қуандым.

«Бұл – жай ғана жұмыс емес»

Көп адам пікір арқылы ғана емес, жеке хаттар жазып та үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Сол сөздер мен үшін нағыз мотивация.

Қазіргі таңда кофеханада бариста да, тазалықшы да, ыдыс жуушы да, тауар мен су тасушы да — бәрі өзім болғандықтан, қатты шаршайтын кездерім аз емес. Кейде тіпті «бәлкім, бүгін түске дейін ашпай-ақ қояйын ба?» деген ой да келеді.

Бірақ таңертең телефонға «ашық па?», «бүгін жұмыс істейсіз бе?» деген хабарламалар түсе бастағанда, сол сәттің өзі күш береді. Бірден төсегімнен тұрып, кофеханама қарай асығамын. Өйткені бұл — жай ғана жұмыс емес, маған сеніп, күтіп отырған адамдар бар екенін сезіну.

Қала ма, ауыл ма? Бизнестегі тәуекел

Қалада, мысалы Орал қаласын алатын болсақ, қаржы жағынан да қиындау болуы мүмкін. Одан бөлек, бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Нарықта өз орнын әлдеқашан тапқан, брендке айналып кеткен кофеханалар бар.

Өзім кофехана ашпас бұрын түрлі кофеханалардың кофесінен дәм татып көрдім. Сол кезде түсінгенім — жай ғана кофеханадан гөрі, мысалы кәсіби деңгейде дамыған кофеханалардың кофесі әлдеқайда ұнады. Солардың деңгейіне жету, тіпті соған жақындау үшін де үлкен тәжірибе, қаржы және уақыт қажет екенін анық сезіндім.

Жергілікті өнім мен серіктестік

Қазіргі уақытта мен кофеханада Мастер Кофе компаниясының 80% арабика және 20% робуста араласқан, орташа қуыру дәрежесіндегі кофесін тұрғындарға ұсынып отырмын. Бұл қоспа дәмі жағынан жұмсақ әрі бай, әрбір шыны кофе сапалы әрі тұрақты дәмге ие болуын қамтамасыз етеді.

Шикізаттарды мен көбінесе Алматы қаласынан тапсырыс беремін. Оның Орал қаласына жеткізілуі, содан кейін Жымпитыға дейін алдырту өзіне біршама қаржы талап етеді. Сонымен қатар, кофеханаларға арналған арнайы тіскебасарларды Орал қаласындағы кәсіби пекарнядан күнделікті жеткізіп аламын. Осы логистика мен шығындар бір шыны кофенің өзіндік құнын қалыптастырады, бірақ мен үшін ең бастысы — тұрғындарға сапалы, жаңа дайындалған өнім ұсыну.

Сонымен қатар, ауылымда өте дәмді десерттер дайындайтын кондитер қыздар бар. Сол кісілерден күнделікті кофеханама әр түрлі торттар мен пирогтар тапсырыспен алдыртып отырамын.

Алда жоспар көп

Алдағы уақытта жаз мезгілінде кофеханаға арналған жазғы алаң жасап, келушілерге ашық ауада отыратын жайлы орын ұсынғым келеді. Сонымен қатар мәзірді де кеңейтіп, жаңа сусындар мен десерттер қосуды жоспарлап отырмын. Одан бөлек, сұраныс артып жатса, қазіргі ғимаратты да кеңейту ойымда бар.

Әзірге басқа ауылдардан кофехана ашуды нақты жоспарлаған жоқпын. Дегенмен, осындай кәсіп бастаймын деген жандарға өз тәжірибеммен бөлісіп, курс өткізу, толыққанды үйрету ойым бар — яғни кофехана ашу жолын, қиындықтарын, ұйымдастыруын көрсетіп, біліміммен бөліскім келеді.

Ал кофехана ісі толық тұрақталып, қызметкерлер алған соң, болашақта тағы бір кәсіп ашуды да ойлаймын — ол спорт саласына қатысты болады. Бұл бағыт мен үшін де қызық әрі жүрегіме жақын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
Өзгелердің жаңалығы