Желі жұлдызына айналған теміржолшының видеосын кім таратқаны тексеріліп жатыр

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС бас директорының орынбасары Асан Үмбетов қарамағындағы қызметкерлерімен онлайн кездесуде әріптестерінің бірін балағаттаған болатын. “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жуырда қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірген оқиғада кінәлі болған машинист пен оның көмекшісіне тәртіптік жаза ретінде ескерту жарияланған.

Бұл мәселе өте маңызды. Ол адам – темір жолдағы ең төменгі қызметтен бастап, бүкіл өмірін осы салаға арнаған жан. Оның эмоциялық түрде сөйлегені – шынайы жанашырлықтан. Жалпы бұл жағдай машинистерге жақсы әсер етті. Тіпті қателік жіберген машинистердің өздері бұл мәселеге қайта қарап, өз қателігін түсінді. Олармен жеке жұмыс жүргізілді, ішкі құжаттарға сай тәртіптік шаралар қолданылды, – деді Алдыбергенов.

Басқарма төрағасы тәртіптік шараның кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті: алдымен депо деңгейінде, кейін еншілес ұйымдар шеңберінде қаралады. Ал нақты оқиға бойынша машинист пен оның көмекшісі ескерту алған.

Сонымен қатар қоғам назарын аудартқан Асан Үмбетовтің қызметтік жиналыста сөйлеген сәтінен видеоның таралуына қатысты да пікір білдірілді. Бұл жағдай бойынша қазіргі таңда арнайы қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.

Бүгінде елімізде ақпараттық қауіпсіздікке ерекше мән беріліп отыр. Видеоның таралуы – дөрекі құқықбұзушылық. Бұл жағдайдың біз үшін салдары бар, сондықтан тексеру жүріп жатыр, – деді Алдыбергенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы