Жексенбай: Біз археологиялық жұмыстарды бақылаудың тиімді жүйесін жасауымыз керек

Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында табиғи апат пен бақылаудың аздығынан археологиялық ескерткіштердің жоғалу қаупі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатордың айтуынша, көптеген аймақтарда бұл мәселе барған сайын өткір болып отыр және Үкіметтің жедел араласуы мен қатаң бақылауын қажет етеді.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және сақтау бойынша шұғыл іс-қимыл салалық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Онда су тасқынынан зардап шеккен археологиялық ескерткіштер аймақтарын анықтау керек. Археологиялық ескерткіштер мен басқа да тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін бағалайтын көшпелі экспедиция жасақтау маңызды болып отыр. Су тасқынынан зардап шеккен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізімін жасау керек. Жағдайы төтенше деп бағаланған ескерткіштерге авариялық-құтқару археологиялық жұмыстарын қолға алу керек, - деді сенатор.

Депутат осы саладағы жағдайды жақсарту үшін Үкіметке бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсынды. Сенатордың ұсынысында археологиялық зерттеулерді цифрландыру және бүкіл еліміз бойынша археологиялық жұмыстар мен экспедициялар туралы деректерді жинақтайтын сайт жасау да бар. Сенатор сонымен қатар саланың қоғамдық бақылауын күшейту үшін бюджет және қаржы есептерін жариялауды ұсынды.

Алыс-жақын шетелдегі тарихи жәдігерлерімізді жинастыру үшін дипломатиялық арнайы жұмыстарды қолға алу маңызды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бойынша үйлестіру жұмыстарын вандализммен күрестің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындап, жәдігерліктер контрабандасы бойынша жазаны қатаңдату қажет, - деді депутат.

Сенатор депутаттық сауалында археологиялық жұмыстарды лицензиялау мәселесіне де назар аударды. Сонымен қатар тиісті бақылаудың жоқтығы және жауапкершілігі төмен адамдар мен саладан тыс ұйымдардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы