Бізге жекешелендіру мерзімі емес, сапасы маңызды – Алмасадам Сәтқалиев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемдегі экономикалық ахуалға байланысты жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына өзгерістер енгізілді.
Бұл туралы бүгін онлайн-брифинг кезінде Қордың басқарушы директоры Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
Жекешелендіру жөніндегі халықаралық сарапшылардың пікірі мен әлемдегі қазіргі экономикалық жағдайға жасалған талдау IPO-ға дәл қазір шыққан компаниялардың шығынға ұшырау тәуекелі өте жоғары екенін көрсеткен. Жекешелендірудің түпкі мақсаты – елімізге және халыққа кіріс әкелу болғандықтан, "Самұрық-Қазына" тәуекелге бармай, кейбір ірі активтің IPO-сын кейінге шегеріп отыр. Жалпы, Қор жекешелендірудің кешенді жоспары аясында осы уақытқа дейін құны 172 млрд теңгеге бағаланған 84 активті сатқан.
Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Үкімет бекіткен кешенді жекешелендіру жоспарына сәйкес "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ауқымды жекешелендіру жұмыстарын бастаған болатын. Аталған жоспарда 167 ірі және шағын компаниялар қамтылды. Осы уақытқа дейін Қор 137 активті жекешелендіру жұмысын аяқтады. Соның ішінде 84 активті 172 млрд теңгеге саттық. 53 актив таратылды немесе қайта құрылды. Қазір біздің қоржында 9 ірі актив және 21 ірі емес актив бар, - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев.
Қор бұл ретте "жекешелендірудің мерзімінен қарағанда, сапасы маңызды" деген принцип ұстанған. Осы ретте, Алмасадам Сәтқалиев журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, "жекешелендіру мерзімі мұнай бағасының құлдырауына байланысты қиындық көріп отырған олигархтардың қалауына қарай шегерілді" деген әңгімелерге қатысты пікір білдірді.
Бұл сарапшылар пікірі деп айту қиын. Біз акцияларды орналастыру кезінде негізгі қағидаларды, параметрлерді жетекшілікке аламыз. Біріншіден, бұл ҚР Үкіметінің аталған активтерді жекешелендіру бойынша тапсырмаларын орындау. Оның ішінде жеке тұлғалармен қатар кәсіби институционалды инвесторлар да бар. Бұл бағыттағы жұмыс ашық жүргізіледі, - деді ол.
Ал дәл қазіргі шегеру әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты қолданып отырған шара.
Қазір IPO нарығы тоқтап тұр. Яғни, ешқандай келісімдер жасалып жатқан жоқ. Біздің ұзақмерзімді стратегиямызға сәйкес, осы компаниялардың IPO-сы соңғы пайда көруші, яғни, халыққа тиімді болуы керек. Сондықтан, біз биыл жекешелендіруге шығатын тізімде тек төрт компанияны қалдырдық. Оның біреуі ірі актив, яғни, "Қазақтелеком" ұлттық операторы. Ал, қалған үшеуі шағын актив, - деді Сәтқалиев.
Сондай-ақ, ол "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-ның сәтті мәмілесі туралы айтты.
"ҚазАтомӨнеркәсіп" компаниясын қазіргі нарықтық жағдайларға қарамастан, акцияларын сәтті сатқан компания ретінде мысалға келтіргім келеді. Акциялар Лондон биржасы мен "Астана" халықаралық қаржы биржасында сатылды. Соңғы рет 6,28 пайызбен сатылым орналастырғанда, жолымыз болды. Инвестициялық "терезеге" дөп келіп, сәтті сатылым жасадық. Осылайша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры "ҚазАтомөнеркәсіп" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның IPO-сы арқасында 32 млрд теңге пайда көрді, - деп түсіндірді Сәтқалиев.
Ал, Алмасадам Сәтқалиев хабарлағандай, Қордың басқа да ірі активтері келесі кестеге сәйкес жекешелендіріледі:
2021 жылы – "Қазпошта" АҚ және "Самұрық-Энерго" АҚ стратегиялық инвесторға сату тәсілімен;
2022 жылы – "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ және "Эйр Астана" АҚ IPO-ға шығарылады, "Тау-Кен Самұрық" АҚ және "Qazaq Air" АҚ жекешелендіру;
2023 жылы – "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ IPO-ға шығарылады.
Біз жекешелендірудің мерзіміне емес, сапасына назар аудардық. Биыл жекешелендіруге шығарсақ, шығын тәуекелі болатынын білдік, сондықтан, осындай шешім қабылданып отыр, - деп түйіндеді сөзін ол.