Жекеменшік мектептегі буллинг: Депутат мәселені көтерді
Депутат Құспеков жекеменшік мектептер мемлекеттік бақылауда болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде болған, қоғамда үлкен резонанс тудырған жағдай жеке дау аясынан шығып, депутаттық корпустың деңгейінде ашық талқыланатын мәселеге айналды.
Оған мектеп оқушысының әкесінің әлеуметтік жазбасы себеп болды. Ол қызының ұзақ уақыт бойы буллингке ұшырап, соның салдарынан суицид жасауға талпынғанын хабарлаған.
Алайда Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, бұл жерде бір ата-ананың эмоциясы емес, жекеменшік білім беру ұйымдарының жауапкершілігіне қатысты жүйелі мәселе көтеріліп отыр.
Қандай мектеп болмасын - мемлекеттік пе, жекеменшік пе - ең алдымен бала өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы керек. Формалды түрде емес, қағаз жүзінде емес, шынайы өмірде: қорқынышсыз, қысымсыз, қорлаусыз және ересектердің салғырттығынсыз. Маңызды бір қағиданы түсіну қажет: мектептің жекеменшік формасы баланың құқықтарын қорғауға қатысты конституциялық міндеттерден босатпайды, - деді Олжас Құспеков.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі ешқашан қосымша қызмет немесе мектептің ішкі саясаты ретінде қарастырылмауы тиіс.
Баланың қауіпсіздігі - қызмет те емес, таңдау да емес. Бұл - сөзсіз міндет. Біз жиі білім сапасы, рейтингтер, халықаралық бағдарламалар, оқу ақысының қымбаттығы туралы айтамыз. Бірақ осының бәрінің тасасында ең бастысы - ересектердің жауапкершілігі қалып қоймауы керек. Егер бала мектепке барудан қорықса, егер қорлық туралы дабылдар еленбесе, егер әкімшілік сырттай бақылаушы позициясын ұстанса - бұл енді жеке жағдай емес. Бұл - жүйелік ақау, - деп атап өтті депутат.
Құспеков жекеменшік мектептер мемлекеттік бақылаудан тыс қалып, өз ережелерімен өмір сүре алмайтынын да хабарлады.
Балалар оқитын жерде заң үстемдік етеді және ол барлығына бірдей міндетті. Жекеменшік оқу орындары бақылау аймағынан тыс бола алмайды. Егер мектеп оқыту мен тәрбиелеу функциясын өз мойнына алса, онда баланың қауіпсіздігіне, психологиялық жағдайына және жалпы әл-ауқатына мемлекеттік мектептермен бірдей деңгейде жауапты болуы тиіс, - деді ол.
Сондай-ақ депутат мұндай жағдайлар жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметін бақылауды күшейту, буллингтің алдын алудың нақты тетіктерін енгізу және мектеп басшылығының жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсететінін айтты.
Қазіргі уақытта отбасының мәліметінше, бала дәрігерлердің бақылауында. Аталған факт бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Алматы қаласының Білім басқармасы да оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы мониторингтік топ құрылғанын хабарлады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, бұл жағдай жекеменшік мектептердің жүйелі жауапкершілігі мен білім беру ортасындағы бала құқықтарының нақты, формалды емес түрде сақталу мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Еске сала кетейік, 29 қаңтар күні Алматыда оқушы қыз өзіне қол жұмсамақ болғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Аталған жағдайдан кейін оқушы қыз жансақтау бөліміне түскен. Осы дерек бойынша арнайы мониторингтік топ құрылып, тергеу басталды.
Сондай-ақ, омбудсмен Диана Ерлан зардап шеккен қыздың жағдайы туралы айтқан болатын.