Жекеменшік балабақшаларға қаржы жетпейді
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында жекеменшік балабақшалар қаржы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Бұл туралы мектепке дейінгі білім беру мәселелерін талқылауға арналған шара барысында мәлім болды.
ҚКХП Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен онлайн режимде өткен дөңгелек үстелге облыстағы білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Облыста 609 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. 249 балабақшаның 137-і мемлекеттік, 112-і жеке меншік және 360 мектепке дейінгі шағын орталықтар жұмыс істейді. 381 мектепке дейінгі ұйымда 12643 баланы қамтитын 1075 кезекші топ ашылды, - дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Әсемгүл Сүлейменова.Қосымша білім беру орталықтарында қаржыландырудың жалғыз көзі – ата-аналардан алынатын төлем. Күшейтілген карантиннің келесі толқыны жекеменшік балабақшалардың жабылуына әкелуі мүмкін. Ал бұл балалардың білім алуына кері әсерін тигізері сөзсіз.
«Балдәурен Сан» ЖШС директоры Шолпан Өтегенованың айтуынша, жергілікті бюджеттен жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыруды көбейту қарастырылмаған. Бүгінгі күні жан басына шаққандағы қаржыландыру 32 мың теңгеден асса, Целиноград ауданында ол әлі де 23 869 теңге болып отыр.
Статистикаға жүгінсек, Ақмола облысындағы 115 жекеменшік балабақшаның 63-і Целиноград ауданында орналасқан. Онда 3-6 жас аралығындағы 6035 бала тәрбиеленуде. 2023 жылы лицензиялау енгізілуі мүмкін. Алайда материалдық-техникалық базаны айтпағанда, жекеменшік балабақшалардың көбінің ғимараттары талапқа сай емес. Педагогтердің айлығы – 60-70 мың теңге. Жөндеу жұмыстары, коммуналдық төлемдер, қажетті техника, жиһаз сатып алу шығындарын қосқанда педагогтердің жалақысын өсіруге мүмкіндік жоқ. Жалақының аздығы кадрлардың тұрақтамауына әкелуде. Бізде ата-аналардың төлемінен басқа кіріс жоқ, - дейді Шолпан Өтегенова.Сала мамандарының айтуынша, педагогикалық дамуы төмен балалар саны артуда.
Мектебімізде 2020 оқушы білім алады. Бастауыш сыныптарда 1200 бала оқиды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің көбінің сөйлеу тілі дамымаған. Қазіргі білім ордалары балаларды логикалық дамытуға бағытталғаны белгілі. Бала 1 сыныпқа дайын болып келуі керек. Алайда санау білмейтін, әріп танымайтын балалар да кездеседі. Ал балаларды дамыту орталықтары ақылы болғандықтан, төлем жасауға ата-аналардың барлығының мүмкіндігі жоқ. Жасырары жоқ, қазіргі күні логопед мамандар да жетіспейтіні белгілі. Десек те бүлдіршіндермен белгілі бір бағдарлама шеңберінде жаттығу жұмыстары жүргізілуі тиіс, - дейді №2 орта мектебінің мұғалім-логопеді Халида Айтпаева.