Жеке үйді есірткі цехына айналдырған: Ақтөбеде ірі қылмыстық топ ұсталды
Операция кезінде 10 келі Альфа-PVP тәркіленді.
Ақтөбеде көлік полицейлері синтетикалық есірткі таратумен айналысқан ірі арнаның жолын кесті. Арнайы операция нәтижесінде 10 келі Альфа-PVP психотроптық заты тәркіленіп, есірткі дүкенін жабдықтау схемасы бұғатталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ көлеңкелі есірткі саудасының жолға қойылған жүйесі бойынша әрекет еткен. Топ мүшелері анонимді оператордың нұсқауын орындап, есірткі дүкенінің «қоймашылары» міндетін атқарған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін күдіктілер жеке тұрғын үйді жалға алып, оны психотроптық заттарды өлшеп, орайтын орынға айналдырған.
Үйді тінту кезінде есірткі салынған бес пакет табылды. Кейін тергеу барысында ұсталғандар кінәсін мойындап, есірткі жасырылған орынның мекенжайын көрсеткен. Нәтижесінде орман алқабынан психотроптық заттар салынған тағы 10 пакет тәркіленді.
Осылайша, полицейлер мыңдаған бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл қойды.
Психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өткізу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілер қамауға алынды. Қылмыс дәлелденген жағдайда, оларға мүлкін тәркілеумен қатар 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Еске салсақ, Шымкентте есірткі дүкенінің курьері болды деген күдікпен жас жігіт ұсталды. Оның жалдамалы пәтерінен және қала аумағындағы жасырын орыннан жалпы салмағы 200 грамнан асатын мефедрон тәркіленді.
Тағы оқи отырыңыздар: Есірткі ақшасын криптовалютаға айналдырғандар сотталды: 1 млрд теңгеден астам қаржы тәркіленді