27 Қазан 2026, 12:45 Фото: depositphotos.com

Жеке сот орындаушыларының жұмысын енді автоматты жүйе бақылайды

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың алимент өндіру тетіктерін жетілдіру және балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты сауалына ресми жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Борышкерлердің табысын анықтау

Үкімет алимент төлемейтін борышкерлердің табысын анықтау және берешек мөлшерін есептеу жұмысын жетілдіріп жатыр. Бұл үшін атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖО ААЖ) енгізілген. Ол мемлекеттік органдармен, екінші деңгейлі банктермен және басқа да ұйымдармен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Жүйе жұмыспен қамту саласындағы ақпараттық жүйелермен және еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен біріктірілген. Соның арқасында борышкердің қайда жұмыс істейтіні, жұмыс берушісі және еңбек қатынастарының мәртебесі туралы мәліметтер автоматты түрде алынады. Бұл оның табыс көздерін анықтап, жалақысы мен басқа да кірістерінен алимент өндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сот орындаушыларының интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар операторларынан, сондай-ақ құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылардан борышкерлердің табысы туралы ақпарат сұрату өкілеттігі кеңейтілген. Қазір жолаушылар тасымалы, жеткізу қызметтері, құмар ойындар және электрондық ақшамен жасалатын операциялардан түсетін кірістерді анықтау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру жұмысы жүргізіліп жатыр, - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алимент бойынша берешек борышкердің нақты жалақысы мен өзге де табыстарына қарай есептеледі. Егер ол жұмыс істемесе немесе табысын растайтын құжаттар болмаса, берешек мөлшері республика бойынша орташа айлық жалақы негізінде айқындалады. Ең төменгі жалақы берешекті есептеудің жалпыға ортақ базасы ретінде белгіленбеген.

Егер үш ай бойы алиментті борышкердің жалақысынан немесе өзге де кірістерінен өндіру мүмкін болмаса, сот орындаушысы берешек мөлшерін анықтап, мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдауға, соның ішінде борышкердің мүлкінен өндіріп алуға міндетті. Берешектің бір бөлігін төлеу қалған соманы өтеу міндетінен босатпайды және атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға өздігінен негіз бола алмайды.

Жеке сот орындаушыларына бақылау күшейеді

Үкімет жеке сот орындаушыларының (ЖСО) жауапкершілігін арттыру және олардың қызметіне бақылауды күшейту бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, ЖСО лицензиясының қолданысын тоқтата тұруға негіз болатын жағдайлар кеңейтілген. Сондай-ақ оларға әділет органдарының аумақтық бөлімшелері жолдаған ұсыныстарды қарап, анықталған заң бұзушылықтарды жою шараларын қабылдау міндеті жүктелген.

Егер ЖСО белгіленген мерзімде, яғни он жұмыс күні ішінде заң бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынысты орындамаса немесе тиісті шаралар қабылдамаса, оның лицензиясын тоқтата тұру мәселесі қаралуы мүмкін.

Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы ЖСО-лар үш жылда бір рет міндетті аттестаттаудан өтеді. Бұл олардың заңнаманы білу деңгейі мен оны іс жүзінде қолдану қабілетін бағалау үшін қажет. Аттестаттаудан қайта өте алмау немесе дәлелді себепсіз оған келмеу заңда белгіленген тәртіппен лицензиядан айыруға әкелуі мүмкін.

Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне ЖСО қызметін бақылауға арналған құралдар да енгізілген. Олар заңда көзделген мәжбүрлеп орындату шараларының қабылданбауын анықтап, қажетті әрекеттердің уақытылы орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жүйе заң бұзушылық белгілерін автоматты түрде анықтап, олардың жойылуын бақылауға және тексерулер мен қабылданған шаралар туралы мәлімет қалыптастыруға мүмкіндік беретін алдын ала бақылау тетігін енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр, - деп жазылған жауапта.

Балалы отбасыларға қандай қолдау көрсетіледі?

Үкіметтің мәліметінше, әлеуметтік қолдау көрсетудің негізгі қағидаты – отбасының әл-ауқат деңгейін ескеру. Ал мемлекет есебінен жалға берілетін тұрғын үй ақысына субсидия алушылар санатын кеңейту бюджет шығыстарының едәуір өсуіне әкелуі мүмкін.

Қолданыстағы заңнамада балалы отбасыларға арналған бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында бала тууына және бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға арналған төлемдер бар.

Мүгедектігі бар балаларға мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар оларға техникалық көмекші құралдар, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері, санаторий-курорттық емдеу және гигиеналық құралдар ұсынылады.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар, оның ішінде толық емес отбасылар да коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу, «Отбасы банк» арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу және тұрғын үй сертификаттарын алу сияқты қолдау шараларын пайдалана алады.

Сондай-ақ заңнамада балалардың жекелеген санаттарына мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беруде басымдық қарастырылған. Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, ата-анасының I немесе II топтағы мүгедектігі бар балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары бар.

Алимент төлемегендерге жаза күшейтіле ме?

Кәмелетке толмаған балаларды асырауға қаражат төлеу міндетін орындамағаны үшін Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қамтиды.

Аталған бап бойынша сотқа жолданған қылмыстық істердің үлесі 2020 жылғы 11 пайыздан 2025 жылы 37,1 пайызға дейін өскен.

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 991 қылмыстық іс өндірісте болған. Оның ішінде 356 іс сотқа жолданған. Бұл аяқталған істердің 43,2 пайызына тең. Тағы 185 іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

Бұдан бөлек, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайда сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. 2026 жылдың тоғыз айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша 3 477 борышкер жауапқа тартылған.

Үкіметтің ұстанымынша, қылмыстық және әкімшілік жазаны күшейту берешектің міндетті түрде өтелуіне өздігінен кепілдік бермейді. Мәселен, борышкерді бас бостандығынан айыру оның табыс табу және алимент төлеу мүмкіндігін шектеуі ықтимал.

Осыған байланысты құқық бұзушылықтың сипатын, жауапкершіліктің мөлшерлестігін және алимент міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, қылмыстық және әкімшілік санкцияларды өзгерту мәселесі заң шығару жұмысы аясында қосымша зерделенеді.

Үкімет бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, мәселені бақылауда ұстап отыр.