Бүгiн 2026, 15:35 Фото: www.gov.kz

Жеке сот орындаушылары неге жиі сынға ұшырайды? - сенатор жауабы

Қазақстанда халық жеке сот орындаушыларға қарсы петиция жариялап жатыр.

Қазақстанда халық жеке сот орындаушыларға қарсы петиция жариялап жатыр. Осы түрғыда сенат депутаты Жанна Асанова сот орындаушылардың сынға көп ұшырауының негізгі себебін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жеке сот орындаушылары институты қоғамда жиі сынға ұшырайтыны түсінікті, өйткені олардың әрекеттері – банктік шоттарды бұғаттау, мүлікке тыйым салу, өндіріп алу шараларын қолдану – азаматтар үшін моральдық тұрғыдан ауыр әсер қалдырады. Әсіресе адамның күнделікті қаржылық айналымы уақытша тоқтатылған жағдайда бұл жағдай эмоционалдық реакция тудырады,- дейді ол.

Сондай-ақ депутат пікірінше, сот орындаушысы шешім қабылдамайтынын ұмытпауымыз керектігін айтады.

Сот орындаушысы -  ол соттың заңды күшіне енген шешімін орындайды. Ал сот шешімі – құқықтық әділдіктің көрінісі. Орындау процесі жағымсыз болуы мүмкін, бірақ оның екінші, көбіне назардан тыс қалатын жағы бар. Дәл осы тетік арқылы айлап немесе жылдап төленбеген алименттер өндіріліп, балалардың құқықтары қорғалады; жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматтар өтемақысын алады; жалақысы төленбеген жұмысшылар еңбекақысын қайтарады; алаяқтықтан немесе шарттық міндеттемелердің бұзылуынан жапа шеккен адамдар өз қаражатын өндіріп алады,- деп атап өтті депутат.

Яғни, бір тарап үшін ауыр болып көрінетін шара екінші тарап үшін әділдіктің қалпына келуі болып табылады.

Әрине, бұл институт мінсіз емес. Егер теріс пайдалану фактілері орын алса, бақылауды күшейту, рәсімдердің ашықтығын арттыру және жауапкершілікті нақтылау қажет. Бірақ мәселенің шешімі институтты жоюда емес, оны жетілдіруде ғой,-деп айтты депутат.

Депутат сот шешімі орындалмаса, құқық үстемдігі әлсірейтінін алға тартады.

Орындау әрдайым жағымды процесс бола бермейді, алайда ол әділдіктің нақты жүзеге асуының соңғы кезеңі. Сондықтан біз эмоция мен құқық арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, жүйені жетілдіруге ұмтылуымыз керек,-дейді депутат.