Жеке мобильді аударымдар: Нені білген жөн?
Қазақстанда қыркүйектен бастап жеке мобильді аударымдар туралы деректер қатаң тексерілетіні бұған дейін де айтылып келеді. Азаматтар шотына келіп түсетін жеке мобильді аударымдар туралы нені білген жөн? Көпшілікті толғандырған сұрақтарды салық сарапшысы Айнұр Сартаева талдап, түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мобильді аударымдар жайлы әлеуметтік желілерде дүрлікпе әңгіме жиі шығады. Көпшілік бұдан "салық органдары қатаң бақылауды енді ғана енгізді" деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл қате түсінік. Шын мәнінде, мұндай бақылау жүйесі 2022 жылы бекітілген критерийлермен бірге қолданыла бастаған.
Бұрынғы және жаңа талаптар
Сол кездегі ереже бойынша, егер бір жеке тұлғаға бір айдың ішінде 100 әртүрлі адамнан аударым түсіп, бұл жағдай үш ай қатарынан қайталанса, мемлекеттік кірістер органдары бақылау жүргізуге негіз болатын.
Ал қазір қосымша жаңа критерий енгізілгелі отыр. Ол – үш ай ішінде мобильді аударымдар арқылы түскен қаражат көлемі 1 020 000 теңгеден асқан жағдайда тексеру басталуы мүмкін, – дейді салық сарапшысы
Үш шарт бірдей орындалуы тиіс
Маңыздысы – аталған үш шарттың бәрі бірдей орындалғанда ғана жеке тұлғаға түскен мобильді аударымдарға қатысты бақылау қойылады. Бұл ретте қарапайым ақша аударушы азамат емес, ақшаны қабылдаушы тарап назарға алынады.
Бұл жерде банктер мобильді аударымдарға қатысты ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына жолдауға міндетті. Егер шот иесіне түсетін қаражат үш критерийге сәйкес келсе, онда деректер салық органдарына беріледі, – деп түсіндірді салық маманы.
Тексеру қалай жүргізіледі?
Ақпарат түскен соң салық қызметі камералдық бақылау жүргізеді. Егер күмәнді жағдай байқалса, азаматқа ресми хабарлама жолданады.
Одан кейін шот иесі 30 жұмыс күні ішінде өз уәжін білдіріп, ақша кәсіпкерлік мақсатта алынбаса — соны растайтын құжаттарын тапсыруы қажет.
Егер бұл қаражат отбасылық жағдайға, мысалы, той жасауға немесе туыстар мен достардан жиналған ақша болса, азамат соны растайтын құжаттарымен бірге түсініктеме берсе жеткілікті. Бұл жағдайда мәселе жабылады, – дейді Айнұр Сартаева.
Керісінше, берілген түсіндірмеге жалғанған құжаттар жеткіліксіз болса, қосымша тексеру тағайындалуы мүмкін. Оның өзі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша белгіліленген тәртіппен, алдын ала хабарлама жолданып,тыңдалым жасау арқылы жүргізіледі.
1 020 000 теңге қайдан шықты?
Жаңа критерийдің негізі – ең төменгі жалақы мөлшері. Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болса, оның 12 еселенген көлемі – 1 020 000 теңге. Демек, үш айда дәл осы сомадан асатын мобильді аударым тіркелсе, азамат тексеруге ілігуі мүмкін.
Неден қорықпау керек?
Мамандардың айтуынша, жеке шотты жеке мақсатта қолдануға ешқандай шектеу жоқ. Ол өте қолайды функционал.
Қарапайым азаматтардың достарынан, туыстарынан ақша алуы заңды әрі ешқандай қауіп төндірмейді. Бастысы – кәсіпкерлік қызметтен түскен табысты жеке шотта жасырып қалмау, – деп атап өтті сарапшы.
Сарапшының кеңесі – егер қаражат кәсіпкерлік мақсатқа арналса, арнайы кәсіпкерлік шот ашу қажет. Ал жеке шот тек тұрмыстық және жеке аударымдарға арналған.
Қазақстандықтарға мобильді аударымдардан қорқудың қажеті жоқ. Дос-туыстарға жеке мақсатта ақша жіберу немесе отбасылық көмек көрсету сияқты аударымдарды бұрынғыша жасай береді. Тек кәсіпкерлік мақсаттағы қаражатты жеке шотта ұстау заң алдында сұрақ тудыруы мүмкін.
Маманның мәлімдеуінше, қазіргі заманғы QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндіктерін пайдалану – ең қолайлы әрі қауіпсіз тәсіл.