Жеке клиникаларға да COVID-19-ды емдеуге рұқсат беру қажет – Азат Перуашев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев пен Ерлан Барлыбаев Алматыдағы "Сұңқар" клиникалық орталығының жұмысымен танысты.

Кездесу барысында "Сұңқар" онкологиялық орталығының бас дәрігері Бақтияр Керімқұлов депутаттарға орталық қандай қызмет атқарып жатқанын көрсетті.

Алматыда "Сұңқар" клиникасының бірнеше бөлімшесі жұмыс істейді. Онда коронавирустың бар, жоғын анықтайтын ПТР тест, компьютерлік томография, ренген және тағы басқа ем-шаралар жасалып келген. Маусым айының соңына қарау коронавируспен ауырған адамдардың көптігіне байланысты біз науқастарды қабылдай бастадық. Біздің орталық төрт бөлікке бөлінеді. 1-қабат амбулаторлық поликлиника, онда сырттан келген науқастарды қабылдаймыз. 2-қабатта реанимациялық және операция бөлімі жасақталған. 3-қабатта статционарлық 10 және амбулаторлық 10 төсек орны бар, мұнда сырқаты орта дәрежесіндегі науқастар жатады. 4-қабатта жеңіл және орташа ауыр деңгейіндегі науқастарға арналған, ол жерде 10 төсек орны бар. Қазір 30-дай адам бізде ем қабылдап жатыр, - дейді бас дәрігер.

Сонымен қатар, ол "Сұңқар" орталықтарының өз зертханасы бар екенін және қала бойынша күніне 1000-1500 адамды ПТР тестілеуден өткізуге қауқарлы екендіктерін жеткізді.
 
Бақтияр Керімқұлов сөз арасында егер мемлекет қаржыландырса, науқастарды тегін қабылдауға дайын екендіктерін білдірді. 

Мемлекет белгіленген тариф бойынша қаражат бөлсе, біз науқастарды тегін қарай аламыз. Қазір біз қайырымдылық қорларының көмегі арқасында амбулаторлық қызметті тегін көрсетсіп жатырмыз, ал стационардағылар өз қаражатына ем алып жатыр. Күз мезгілінде коронавиурстың жаңа толқыны болуы әбден мүмкін, міне, біз сол кезде мемлекетке көмек көрсетуге дайынбыз, - дейді бас дәрігер.

Депутаттар келген бұл орталық пандемияға дейін онкологиялық науқастарды емдеуге бейімделген. Қазір онкологиялық науқастар стационарда ем қабылдап жатқан жоқ екен. 

Біз коронавиурс жұқтырған онкологиялық науқастарды қабылдауға дайынбыз. Біздің басты ерекшелігіміз де сол. Бұл аурухана сондай науқастарды емдеуге бейімделіп, соларға қажетті жабдықтармен жарақталған. Өйткені онкологиялық науқастардың иммунитеті төмен, егер вирус жұқтырса, оларда ауыр жүреді. Сондықтан оларға ерекше күтім керек, - дейді Керімқұлов.


 "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев өз кезегінде егер емдеу мүмкіндігі болса, жеке клиникаларды да коронавируспен күреске тарту қажеттігін айтты.

Қазір біз Алматы қаласы мен Алматы облысындағы пандемиямен күрес жұмыстары қалай жүріп жатқанын және бұл тұрғыда қандай мәселе бар екенін көру мақсатында сапарлап келдік. Бүгін біз келген "Сұңқар" жеке клиникасы онкологиялық ауруларды емдеуге арналған. Эпидемия басталғалы көптеген медициналық мекемелер коронавируспен ауыратындарды емдеуге көшті, ал өзге ауруы бар науқастар елеусіз қалып қойды. Бұл мәселені біз сәуір айында да көтерген едік. Коронавирус иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті, міне онкологиялық, қант диабеті бар адамдар қазір назардан тыс қалып қойды. Яғни олардың жоспарлы емі кейінге шегеріліп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, СҚ-Фармация мекемелері жеке клиникаларды назардан тыс қалдырды. Бұларға қажетті көмек, қолдау болмай отыр. Бұл орталықта да білікті мамандар бар, солардың барлығын эпидемиямен күреске жұмылдыра білуіміз қажет, - дейді Азат Перуашев.

Сондай-ақ, ол дәрігерлердің ұсыныс, талаптарын жоғары мінберден көтеріп, үкіметтің назарын аудартуға уәде берді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы