Жеке хаттармен қорқытқан: Жетісуда 25 млн теңге бопсалаған әйел ұсталды
Жетісу облысының полицейлері жеке сипаттағы мәліметтерді таратамын деп қорқытып, ірі көлемде ақша бопсалау дерегінің жолын кесті.
Жетісу облысында жеке мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, 25 млн теңге талап еткен күдікті ұсталды. Жәбірленуші қысыммен ақша аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу барысында Ескелді ауданының 22 жастағы тұрғыны жәбірленушімен жеке қарым-қатынаста болғаны анықталды. Кейін бұл байланыс үзілген соң, күдіктіде заңсыз жолмен пайда табу ниеті пайда болған.
Қылмыстың тәсілі – қарым-қатынас кезінде алынған жеке ақпаратты пайдалану. Күдікті мессенджер арқылы жәбірленушінің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, хабарламалар жіберген.
Психологиялық қысымды күшейту үшін ол «құпиялылық туралы келісім» ретінде рәсімделген құжат жолдап, үшінші тұлғаның есепшотына 25 миллион теңге аударуды талап еткен. Жәбірленуші мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтқанына қарамастан, талаптар тоқтамаған, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Қорқыту салдарынан жәбірленуші 200 мың теңгені аударуға мәжбүр болған.
Аталған дерек бойынша аса ірі көлемде мүлікті иемдену мақсатында жасалған бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.
Полиция азаматтарға ескертеді: қысым көрсету, қорқыту немесе шантаж жасау, соның ішінде интернет кеңістігінде, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Мұндай жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Еске салсақ, ер адам бұрынғы сүйіктісін сотқа беріп, 2,5 млн теңге талап етті. Арақатынастары үзілгеннен кейін жігіт әйелден бұрын берген ақшаларын қайтар деп соттасқан.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қызбен кездесуге барған жігіт бопсалаушылардың құрбаны болды
Талдықорғанда бопсалаушылар таныстарын қорқытып, несие алуға мәжбүрлеген
"20 млн теңге берсең, мәселені реттеймін": Қостанай облысында бопсалаушы блогер сотталды