Жеке деректеріңіз таралып кетсе, өтемақы талап ете аласыз ба?
Өтемақы алу үшін азамат жеке деректерінің таралуын және келтірілген зиянды сотта дәлелдеуі керек.
Бұдан былай қазақстандықтар жеке деректері таралып кетсе, өтемақыны қалай ала алатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бейбіт Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Ол жеке деректері таралып кеткен қазақстандықтардың өтемақы алуға құқығы бар-жоғын және зардап шеккен азаматтар қайда жүгінуі керегін түсіндірді.
Айтуынша, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 24-бабында жеке деректерге қатысты заңнама талаптары бұзылған жағдайда моральдық зиян үшін өтемақы алу құқығы қарастырылған.
Әрбір жағдайды сот жеке қарайды. Моральдық зиянның мөлшері де соған байланысты анықталады. Азамат жеке деректерінің қай жерде және қандай жағдайда таралып кеткенін, сондай-ақ осы оқиғаның салдарынан қандай материалдық шығынға ұшырағанын немесе моральдық зиян шеккенін растайтын негіздерді сотқа ұсынуы керек, – деді Бейбіт Біржанов.
Ол сот әр істің мән-жайын жеке бағалап, өтемақы мөлшерін өзі белгілейтінін атап өтті. Ал азаматтардың жеке деректерінің таралуына байланысты материалдық шығынды өтеудің арнайы тәртібі қарастырылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ Қазақстанда интернет-алаяқтық 21%-ға азайғанын айтты.
Сондай-ақ, қазақстандықтарды интернет-алаяқтардан қорғау үшін шамамен 6 млрд теңге бұғатталғаны хабарланды.