Жээнбеков Си Цзиньпиннен қарызды қайтару уақытын шегеруді сұрады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, өзге мәселелермен қатар Қырғызстанның Қытайдан алған несиесі мәселесін де қозғаған.
Бұл туралы Қырғызстан президентінің ресми сайты хабарлады.
Жээнбеков Қырғызстанға Қытайдан алған қарызын өтеуге көбірек уақыт беруді және несие өтеуді жеңілдету жағын қарастыруды сұраған. Екі ел басшысы телефон арқылы жасаған әңгіме барысында коронавируспен күрес мәселесі, қырғыз-қытай арасындағы жүк тасымалдауды қалпына келтіру мәселесін талқылаған.
2020 жылдың 31 қаңтар күнгі дерегі бойынша, Қырғызстанның мемлекеттік қарызы 4 млрд 616,56 млн долларды құрайды. Оның ішінде сыртқы қарыз көлемі - 3 млрд 874,57 млн доллар. Сыртқы қарыздың басым бөлігін қытайлық "Эксимбанктен" (1,7 млрд доллар) алған.