Жедел жәрдемді шақыру тәулігіне 3400-ге дейін жетіп отыр – Алматы Денсаулық сақтау басқармасы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев онлайн брифинг барысында жағдайдың күрт нашарлап, медицина саласына жүктеме артқанын мәлімдеді.

Тәулігіне жедел жәрдемді шақыру 3400-ге дейін жетіп отыр. Оның ішінде 1 және 2 санат – 2600, қалғандары төртінші санат болып есептеледі. Жалпы медицина саласына ауыртпашылық түсіп отыр. Күніне 700-ге дейін адам ауруханаға түседі. Оны тоқтату үшін халық вакцина алып, қорғаныш ережелерін сақтағаны жөн, - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы үш аптада Алматыда КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлаған. «Дельта» штаммының таралуына байланысты тәулігіне 1,5 мыңнан астам науқас тіркеліп отыр.

Штаммның бұл түрі өте жұқпалы. Оның үстіне стационардағы жастардың үлес салмағы жоғарылады, қазір ол 23%-ға дейін жетті. Оған қоса 14 жасқа дейінгі 200-ден астам бала жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Қалада қазір КВИ-і бар науқастарды емдеу үшін 7 600 төсек-орын дайындалған, оның 7 065-і іске қосылып, толуы 67%-ы құрады. Стационарда емдеуде 5 156 науқас бар. Тағы 11 мыңдай науқас үйде ем алып, дәрігерлердің бақылауына алынған, оның 1600-і 14 жасқа дейінгі бала, - дейді Табынбаев.

Қазір 190 науқастың жағдайы өте нашар, тағы 1368 науқастың жағдайы ауыр, ал реанимацияда 380 адам ем алып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы