Жедел жәрдем жүргізушісі науқасты шұғыл жеткізгені үшін айыппұл арқалады
Башқұртстанда жедел жәрдем жүргізушісі ауыр халдегі науқасты ауруханаға шұғыл жеткізгені үшін айыппұлға ілікті. Бұл туралы GorObzor.ru жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жүргізуші жолда маяк пен сиренаны қосып, қызметтік міндетін орындаған. Алайда сапардан кейін оған жылдамдықты арттырды деген айып тағылып, айыппұл салынды.
Ол әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын айтып, айыппұлға негіз болған фотосуретте көліктің арнайы белгілері әдейі жабылып қалғанын жеткізді. Жүргізушінің сөзінше, әріптестері мен басшылықтан қолдау таппаған.
Башқұртстан Денсаулық сақтау министрлігі мұндай жағдайда айыппұл әдетте мекемеге келетінін, оны даулауға болатынын атап өтті. Бірақ аталған көлік аутсорсингтік компанияға тиесілі болғандықтан, ведомство «жауап бере алмаймыз» деп түсіндірді.
Ал полиция дерегінше, айыппұлды ІІМ жанындағы Әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты тіркеу орталығы рәсімдеген. Сондықтан жол полициясы бұл іске араласпайды.