Қарағандыда жедел жәрдем станциясы салынып жатыр
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Майқұдық шағын ауданында орналасқан жаңа жедел медициналық көмек көрсету станциясының құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталған. Жаңа нысан денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелердің көпшілігін шешуге мүмкіндік бермек.
Октябрь ауданы тұрғындарына қызмет ететін №2 жедел жәрдем станциясы 150 мың адамға қызмет көрсетеді. Медицина мекемесі 1964 жылы салынған ғимаратта орналасқан, онда санитариялық автокөліктерге арналған гараж жоқ. Жаңа жедел жәрдем станциясы медициналық қызмет көрсететін мамандардың жұмыс жағдайын жақсартып, қызмет көрсетудің жылдамдығына оң әсер беріп, бригадалардың науқастарға жету уақытын азайтады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 400 млн теңге.
«Елбасының 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында аймақта көптеген кешенді шаралар атқарылуда. Бағдарламаны іске асыру мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуда. Қаржы емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа ғимараттар салуға, күрделі жөндеу жұмыстарына, сонымен қатар халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және тағы да басқа қажеттіліктерге бағытталған. Облыстық денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2016 жылы 400 млн теңгені құраса, соңғы 3 жылда ол қаржы артып, 1 млрд 200 мың теңгеге жетті», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласы қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында өңірдегі медицина мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда.
«Өткен жылы медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға 620 млн теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласының 12 ғимараты күрделі жөндеуге зәру, ол үшін шамамен 3 млрд теңге қажет. Өткен жылдың тамыз айында жаңа жедел медициналық көмек станциясының құрылысы басталған. Сонымен қатар, көпсалалы клиникалық аурухана мен онкологиялық диспансер жанынан шұғыл реанимациялық бөлім салу жоспарлануда», - дейді Ержан Нұрлыбаев.
Қазіргі уақытта Қарағандының денсаулық сақтау мекемелерінде 9739 медицина маманы жұмыс істейді. Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша аймақтағы медицина мекемелерінде 97 дәрігер жетіспейді. Аймақтағы маман тапшылығын шешу мақсатында дәрігерлерді тұрғын үймен қамту мәселесі де жыл санап шешімін табуда.
«2018 жылы жұмысқа жоғары оқу орындарынан 300-ден астам жас мамандар тартылған. Биылғы жылы Медицина университетінен резиденттерді жұмысқа шақыруды жоспарлап отырмыз. Мамандарды Қарағандыда ұстап тұру үшін оларға қызметтік пәтерлер береміз. Бұл үшін биыл Крылов көшесінің бойынан 7 пәтер және Майқұдықтан 12 пәтер, спутник қалалардан 6 пәтер бөлінді. Қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету бойынша ірі жобаны жүзеге асыруды келер жылы жоспарлап отырмыз. 45 орамда орналасқан Облыстық балалар клиникалық ауруханасы Оңтүстік Шығыс ықшам ауданында салынып жатқан жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін бос ғимараттан жатақхана жасаймыз. Бұл ғимаратта бұрын жатақхана болған. Қазір аталған нысанды бұрынғы қалпына келтіріп, отбасылық жатақхана жасау үшін құжаттарын дайындап жатырмыз. Бұл бізге тағы да 106 маман тартуға мүмкіндік береді», - дейді басқарма басшысы.
Ержан Шәкірұлы халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамту ісінің бір жолға қойылғандығын айтады. 2016 жылы дәріге 7,4 млрд теңге бөлініп, науқастардың тек 52%-ы дәрі-дәрмек ала алса, 2018 жылы бұл сомма 14,03 млрд теңгеге артқан. Ал, биылғы жылы 12,2 млрд теңге бөлініп, сырқаттардың барлығы да тегін дәрімен қамтылған.
Еске салайық, Қарағандыдағы ескірген медицина мекемелеріне күрделі жөндеуден өткізу үшін 2,7 млрд теңге көлеміндегі қаржы керектігін жазған болатынбыз.